Шартты жаза уәдесі мен тіс жармау талабы: Боқаевтың ісі бойынша сотта жаңа деректерді ұсынды
Алматыда Санжар Боқаев пен қылмыстық іс бойынша өзге де фигуранттарға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Оларға алаяқтық жасады, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды, ұрлық жасады, ағаштарды заңсыз кесті және көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыптар тағылған.
Кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар заттай дәлелдемелерді жариялады. Солардың арасында Боқаев пен Д. Ахметовтің хат-хабары бар. Ахметов бұған дейін Баум тоғайындағы ағаштарды кесу ісі бойынша Ақылбек Хамракуловтың мүддесін қорғаған.
Сотта 2026 жылғы 25 қаңтардағы хаттарға ерекше назар аударылды. Сол күні Боқаев пен Ахметов Хамракуловқа, Разға және Артықбаевқа қатысты алдағы сот процесін талқылаған.
Бұған дейін Раз бен Артықбаев сотта берген айғақтарында плиталарды ұрлау үшін өздерін Хамракулов жалдап, ақы төлегенін айтқан еді. Хамракулов бастапқыда айыптау тарапының куәгерлер тізімінде болған. Сотта оның Боқаевтың туыстарымен және қорғаушыларымен процестік тәртіптен тыс байланысқа шыққаны туралы деректер ұсынылғаннан кейін ол тізімнен шығарылған.
Жарияланған хаттарға қарағанда, Боқаев жоғары лауазымды таныстарына сілтеме жасап, іске қатысы бар адамдарға шартты жаза берілетініне Ахметовті сендірген. Сондай-ақ ол мәселені дабыраға салмауды, құқық қорғаушыларды араластырмауды және ешқандай әрекет жасамауды сұраған.
Сол хат алмасу кезінде Ахметов Боқаевқа Хамракуловтың бейнежазбасын жіберген. Онда Хамракулов полиция қызметкерлері өзіне қысым көрсетіп жүргенін айтқан. Боқаев бейнежазбаны кейін пайдаланатынын айтып, әзірге жарияламауды өтінген. Кейін Хамракулов ондағы сөздерін жоққа шығарып, бейнежазбаны адвокаттың өтінішімен түсіргенін мәлімдеген.
Хаттарда ақша мәселесі де сөз болған. Сотта жарияланған хат-хабарға қарағанда, Боқаев тергеу кезінде Хамракуловқа Ахметов арқылы ақша беріп отырған. Ол адвокаттан Хамракуловқа ешкіммен сөйлеспеуін және ештеңе жарияламауын жеткізуді талап еткен. «Ол уайымдамасын, ешкіммен сөйлеспесін, оған ақшаны жеткізіп береді, үндемесін, ешкімге ештеңе айтпасын», – деген Боқаев.
Прокурорлардың пікірінше, бұл хаттар Боқаевтың Хамракуловпен байланыста болғанын растайды. Ал айыпталушы Нүсіпқожа мен куәгерлер Раз және Артықбаев өз айғақтарында плиталарды ұрлау мен Баум тоғайындағы ағаштарды кесудің негізгі ұйымдастырушысы Хамракулов болғанын айтқан.
Бұған дейін сот Боқаев пен Хамракуловтың бір-біріне жазған хаттарын да зерттеген. Оларда ақша аударымдары талқыланған. Сондай-ақ Боқаев ұрланған плиталардың сапасына көңілі толмағанын білдірген.
Отырыста қорғау тарапы «алтын дәлел» деп атаған флеш-картаны іс материалдарына қосуды сұрады. Адвокат Мусинаның айтуынша, қорғаушылар ондағы материалдарды құпия сақтап, сот тергеуі аяқталар тұста ғана жариялауды ұйғарған.
Флеш-картада екі бейнежазба болған. Біріншісі – Хамракуловтың адвокат Ахметовтің өтінішімен түсірген, полиция тарапынан қысым көргені туралы жазбасы. Екіншісінде телефон арқылы болған әңгіме түсірілген. Қорғаушылар осы жазба қысым көрсетілгенін растайды деп есептеген.
Екінші бейнежазбада Ахметовтің телефон нөмірін теріп, қоңырауға жауап берген адаммен сабырлы түрде сөйлескені көрінеді. Мемлекеттік айыптаушы телефонның ар жағындағы адамның өзін полиция қызметкері деп таныстырмағанына назар аударды. Прокурордың пікірінше, әңгіме барысында қысым көрсету белгілері байқалмаған.
Боқаевтың адвокаттары бұл жазбаның неліктен «алтын дәлел» деп аталғанын нақты түсіндіріп бере алмады. Қорғаушылар қойылған сұрақтарға жауап бермей, соттан үзіліс сұрады. Осыдан кейін бейнежазбаны талқылау үзіліске қалды.