Алматыда «Әділет» партиясының өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелерін талқылады
- автор kyn.kz
- Бүгін, 20:45
- 1
Балалар денсаулығы және медициналық көмектің қолжетімділігі
Бостандық ауданындағы Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының ұжымымен өткен кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауындағы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған міндеттер түсіндірілді. Әсіресе балалар денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Президент Жолдауына сәйкес, елімізде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Олардың қатарында ауруханалар, перзентханалар және балаларға арналған медициналық мекемелер бар.
Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында жұмыс істейтін мамандардың жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын ұлғайтуға ықпал етпек.
«Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда балалар денсаулығын қорғау мен медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Елімізде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарының еңбек жағдайын жақсарту міндеттері белгіленді. Бұл бастамалар халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған. Әсіресе балалар денсаулығын қорғау, ауруларды ерте анықтау және дер кезінде емдеу мүмкіндіктерін кеңейту маңызды. Осы міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін медициналық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, сала мамандарының тәжірибесі мен ұсыныстарын ескеру қажет», - деді Станислав Канкуров.
Цифрландыру және болашақ педагогтерді даярлау
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының өкілдері оқытушылық құрамы мен студент жастармен кездесті. Жиында Президент Жолдауындағы білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру міндеттері түсіндірілді.
Мемлекет басшысы Жолдауында инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар аударды. Қазіргі таңда елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Осыған байланысты арнайы білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, білікті мамандар даярлау және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау міндеттері белгіленді.
«Әділет» партиясының өкілі Айнұр Мұқажанова болашақ педагогтерді даярлау сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталды.
«Білім беру жүйесінің сапасы ең алдымен педагогтің кәсіби даярлығына және оның еңбек етуіне жасалған жағдайға байланысты. Мемлекет басшысы Жолдауында ұстаздардың жұмысын жеңілдету, артық жүктемені азайту және заманауи технологияларды тиімді пайдалану міндеттеріне ерекше назар аударды. Бүгінде болашақ мұғалімдерді даярлауда цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгерту және теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру маңызды», - деді Айнұр Мұқажанова.
Білім беру сапасы және педагогтерді әлеуметтік қолдау
«Әділет» партиясының өкілдері №26 жалпы білім беретін мектептің педагогикалық ұжымымен кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысының Жолдауында білім беру саласына қатысты айқындалған міндеттер түсіндіріліп, мектеп инфрақұрылымын жетілдіру, мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсарту және білім сапасын арттыру мәселелері қарастырылды.
Президент Жолдауында республика бойынша 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанының құрылысын бастау жоспарланғаны айтылды. Сонымен қатар ұстаздардың артық жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті - балаларға сапалы білім беруге басымдық жасау қажеттігі атап өтілді.
Кездесу барысында педагогтер коммуналдық төлемдер бойынша жеңілдіктер қарастыру, сынып жетекшілерінің еңбегін ынталандыру, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және демалыс орындарының инфрақұрылымын дамыту жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Ашық диалог және нақты ұсыныстар
Жалпы, Алматыда Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру аясында кездесулер өтті. Оларға білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері қатысып, әлеуметтік салаларды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Ашық диалог барысында педагогтер мен медицина мамандары еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдауды күшейту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстарын білдірді.
Мұндай кездесулер Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді халыққа кеңінен түсіндіруге, азаматтардың пікірін ескеруге және мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруда қоғаммен өзара байланысты нығайтуға бағытталған.


