Тоқаев: Қазақстан бірнеше АЭС салу туралы стратегиялық шешім қабылдады
Қазақстанда жасанды интеллектінің өсіп келе жатқан энергия қажеттілігіне байланысты бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылданды. Бұл туралы Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KYN.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні қарқынды енгізудің нәтижесінде есептеу қуатына сұраныс көбейеді, ал бұл энергия жүйелерінің жүктемесін арттыратынын атап өтті.
"Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуатын тұтынуы мүмкін. Бұл – 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе жоғары. Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы "Балқаш" станциясының құрылысында "Росатом" корпорациясы жетекші рөл атқарады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың қарқынына оң баға берді.
"Қазіргі таңда елімізде ресейлік университеттердің тоғыз филиалы бар. Ресей Президентімен өзара уағдаластығымызға сай ашылып жатқан "Қазақстан – Сириус" мектебінің алар орны ерекше. Бұл жоба білім саласындағы ықпалдастығымыздың келешегіне қызмет етеді. Аталған мектеп талантты балаларды анықтап, олардың қарым-қабілетін шыңдауда ресейлік тәжірибеге сүйенеді. Мамыр айында Астанада білім беру кешенінің құрылысы басталды. Дәл сондай жоба Алматыда да жүзеге асырылуд", - деді Қазақстан Президенті.
Президент озық технологиялардың артықшылықтарымен қоса қауіп-қатері де жеткілікті екенін алға тартты. Атап айтқанда, жасанды интеллект цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату, дербес деректерді заңсыз пайдалану және азаматтық инфрақұрылымдарға шабуыл жасау үшін қолданылады.
Қазақстан Президенті өзі көтерген ұсыныстар, сайып келгенде, мемлекеттер арасындағы сенім капиталын жоғары технологиялар саласындағы жемісті ынтымақтастық барысында жаңа табыстармен толықтыруды көздейтінін айтты.
"Сөз соңында айтарым, Қазақстан Ресеймен арадағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды жоғары бағалайды. Кеше мен Қытайда өткен саммиттің қорытындысына және ұлы мемлекеттердің "Үлкен үштігінің" декларациясы қабылдануына байланысты Ресей Президентіне шынайы лебізімді жеткіздім. Геосаяси жағдай күрделі кезеңде Ресейдің осындай статусқа ие мемлекет ретінде мойындалуы – оның көшбасшысы Владимир Владимирович Путиннің еңбегінің нәтижесі. Бұл – айдан анық нәрсе. Оны жоққа шығарамын деп әуре болудың қажеті шамалы", – деп түйіндеді Тоқаев.
AI Journey халықаралық конференциясы 26-28 қараша аралығында Мәскеудегі "Сбер" штаб-пәтерінде өтіп жатыр. Қатысушылар ЖИ-шешімдерін енгізудің практикалық тәжірибесін, жасанды интеллекттің экономика мен қоғамға әсерін, ғылыми жаңалықтар мен технологиялық инновациялардың келешегін талқылайды.