«Жұмыс берушіге шектен тыс сеніп қалдым» – Нүсіпқожа соңғы сөзін сөйлеп, Боқаевқа тіл қатты
- автор kyn.kz
- Бүгін, 16:32
- 1
Сондай-ақ, қамауда жеті айға жуық уақыт өткізгенін, бұған дейін сотталмағанын және кәмелетке толмаған балалары бар екенін еске салды. Өз қателігін ол «жұмыс берушісіне шектен тыс сеніп, тапсырмалардың салдарын ойламай орындағанымен» түсіндірді.
Нүсіпқожа сөзінің бір бөлігін Боқаевқа арнады. Оның айтуынша, ұсталғаннан кейінгі алғашқы күні-ақ келген адвокатқа кінәсін мойындауға дайын екенін айтқан. Алайда қорғаушысы «үндеме, ештеңе айтпа, жақында шығасың, екі ай ғана» деген уәдемен райынан қайтарған көрінеді. Нүсіпқожа Боқаевқа Астанада жүрген кезінен бастап-ақ өзінен адамша кешірім сұрамағанын айтып, өкпесін жеткізді.
Нүсіпқожа Боқаевтың мобилографы болып жұмыс істеген және гранит тақталардың ұрлануын «әшкерелеу» сипатындағы ұйымдастырылған қойылым мен жалған ақпарат тарату эпизодтары бойынша жауапқа тартылып отыр. Оның соттағы көрсетілімдері мен Боқаевпен әңгімесінің аудиожазбасы айыптау тарапының нұсқасын растады әрі Боқаевтың сөздерін жоққа шығарды. Соттағы жарыссөз барысында прокурор Нүсіпқожаға екі жарым жылға бас бостандығын шектеу, ал Боқаевқа орташа қауіпсіздік мекемесінде 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Нүсіпқожа – Боқаевтың бұрынғы жеке мобилографы. Сотта ол қоғамда резонанс тудырған екі бейнероликтің қалай түсірілгенін егжей-тегжейлі баяндады. Үлкен Алматы өзені бойындағы гранит тақталарға қатысты эпизод бойынша Нүсіпқожаның айтуынша, 2025 жылғы 10 қыркүйекте жалданған жұмысшы Хамракулов тақталарды алып кеткенімен, оларды рәсімдік қызмет көрсету бюросына жеткізудің орнына Тұздыбастаудағы бос алаңға түсірген. Бұған ашуланған Боқаев алғашқы түсірілім сәтсіз шыққаннан кейін тақталарды қайта тасымалдауды ұйымдастыруды тапсырған. 15 қыркүйекте ол оқиға орнына өзі келіп, камера алдында «қала тұрғындарының шағымдары» туралы алдын ала дайындалған мәтінді оқыған. Содан кейін Бесқайнардағы рәсімдік бюроның жанына 12 тақтаны түсіру сәтін түсіріп, артынша оларды қайтадан өзен бойына апаруды бұйырған.
Нүсіпқожаның сөзінше, Боқаев Баум тоғайындағы оқиғаны да дәл осындай жолмен қолдан ұйымдастырған. Ол ағаштардың кесілуіне қатысты «жергілікті тұрғынның» атынан түскендей етіп хабарлама жасаған. Ол үшін екінші, өз атына рәсімделмеген телефонынан операторға SMS жіберіп, оны дереу өзіне қайта жолдауды тапсырған. Оқиға орнында Боқаев оператор арқылы сол баяғы жұмысшы Хамракуловқа бір бума қолма-қол ақша берген. Одан кейін операторды тоғайдың қараңғы тұсына ертіп кіріп, қолшамын жағып, ішке қарай жүгірген. Камера алдында «мұнда біреу жүргені анық» деп қайта-қайта сендіруге тырысқан. Алайда Нүсіпқожаның айтуынша, ол ешкімді көрмеген де, ешқандай дыбыс естімеген де.
Нүсіпқожаның сот барысында берген негізгі айғақтары екі маңызды дәлелмен тікелей расталды. Олар – сот отырысында тыңдалған оның Боқаевпен әңгімесінің аудиожазбасы және Боқаевтың орындаушы Хамракуловпен жазысқан хаттары. Хат алмасуда тақталарды сатып алуға берілген ақша мен алғашқы түсірілімнің нәтижесіне қатысты наразылық нақты көрініс тапқан.
Айта кетерлігі, Боқаевтың адвокаттары аудиожазбаны тыңдауға қарсылық білдіріп, оны зерттеу кезінде тіпті дыбысты басып тастау үшін дауыстарын көтерген. Соның салдарынан залда отырғандар мен журналистер әңгіменің мазмұнын толық ести алмады. Алайда аудиожазба Боқаевтың жай ғана тапсырма беріп қоймай, түсірілімнің түпкі нәтижесі қандай болуы керектігін де алдын ала белгілеп отырғанын растады.


