Денис Тенді өлтірді деген күдікті бұған дейін бірнеше рет заң бұзған болып шықты
Осыған дейін күдікті Қиясовтың үстіне мас күйінде көлік жүргізгені, сондай-ақ ұрлық жасағаны үшін қылмыстық істер қозғалған болатын
Күдікті Қиясов осыған дейін бірнеше рет заң бұзған. Мәселен өткен жылы әкімшілік іс Жамбыл облысы Меркі аудандық сотында қаралған. Қаулыға сәйкес, Нұралы Қиясов осы облыстағы Жамбыл ауылының тұрғыны. Қаңтар айында ол Меркі ауылының көшесінде Mazda 626 көлігін мас күйінде жүргізген. Алайда күдікті сот отырысына сол күйі келмеген, бірақ көлікті мас күйінде жүргізгенін мойындаған. Сот Қиясовты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының бірінші бөлігі "Көлік құралын жүргізушінің мас күйінде жүргізуі" бойынша кінәлі деп тауып, үш жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Бұдан бөлек, өткен жылы Қиясовтың үстінен қылмыстық кодекстің 188-бабы "Ұрлық" бойынша іс қозғалған еді. Алайда Меркі аудандық соты бұл істің аяғына дейін жетпей тоқтатылғанын хабарлаған. Ол кезде тараптар мәмілеге келген еді. Естеріңізге сала кетсек, полиция спортшыны өлтірді деген күдікпен 24 жастағы Нұралы Қиясовты ұстаған болатын. Ол кінәсін мойындап отыр. Қазіргі уақытта екінші күдікті – Қызылорда облысының 24 жастағы тумасы Арман Құдайбергенов іздестірілуде.