Басты жаңалықтар

Денис Тен өмірінің соңғы күндерінде өз әніне бейнебаян түсірмек болған

Санжар Мәдиев қайғылы оқиға болған сәтте Денис Теннің жанынан табылмағаны үшін ашынды.

Актер Санжар Мәдиев әлеуметтік желідегі парақшасында досының өлімі туралы хабарды әлі де қабылдай алмай отырғанын жеткізді. Айыптыларды тезірек тауып, олардың қатаң түрде жазаланғанын қалайтынын айтты. Сондай-ақ, актерден Денис Теннің өмірінің соңғы күндері бейнебаян түсірмек болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі. Санжар Мәдиевтің айтуынша, олар 17 шілде күні кездесіп, ән жазулары тиіс болған. Алайда актердің тығыз жұмыс кестесі салдарынан бұл жоспарларын кейінге қалдырған. «Ақылыма қонбай отыр. Мен өмірде көп адамды жоғалттым және мұндайға бойды үйрету мүмкін емес екен. Алдыңғы күні ғана кездесу туралы келіскен болатынбыз. Бірақ, күтпеген түсірілім жұмыстарына байланысты бұл кездесу кейінге қалдырылды... Біздің әнімізді жазбадық... теннис ойнамадық... бейнебаянымызды түсірмедік... әлі де сене алмай отырмын... Жақындары үшін жандарын жұбатар сөз табу мүмкін еместігін білемін. Ауыр. Ауыр. Уақытты кері қайтарғың келеді. Сол жерде болып, айнаны сол хайуандардың қойнына тықпалағың келеді. Оларға ғана емес сол оқиғаға қатысы барлардың бәріне. Жоғары жақтан бастап. Хайуандар қақалсын сол айнаға!» - деп ашынды актер. Мұнымен қатар, жұлдыз досынан қайғылы оқиға болған сәтте қасынан табылмағаны үшін кешірім сұрады. «Рух түсті. Денемнің барлық жері ауырып тұр. Менің саған 100 метрді де жалғыз жүруге рұқсат бермегенімді білесің ғой. Осыным үшін ашуланатының есімде (бір шетінен күлкілі көрінетін). Бірақ мен, тіпті, телефонмен сөйлесіп келе жатқаныңа қарамастан, әрдайым шығарып салып жүретінмін. Сол сәтте қасыңда болмағаным үшін кешір. Кешір, бауырым. Бүгін біз үмітімізді үздік», - дейді Санжар Мәдиев. Естеріңізге сала кетсек, 19 шілде күні Алматы екі азамат Денис Тенді пышақпен жарақаттаған болатын. Қайғылы оқиға Құрманғазы мен Бәйсейітова көшелерінің қиылысында болған. Спортшы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды. Күдіктілердің біреуі ұсталып, кінәсін толықтай мойындады. Екіншісі әзірге іздестіріліп жатыр. Автор: Kyn.kz