Роза Рымбаева: Ана үшін болашағы зор баласын жоғалтудан ауыр қайғы жоқ
Денис Тенмен қоштасу рәсімінде ер азаматтар да көз жастарына ерік берді.
Денис Тенді соңғы сапарға шығарып салуға көптеген жұлдыздар келді. Олардың қатарында танымал боксшы Генадий Головкин де бар. Ол мәнерлеп сырғанаушының ата-анасының жанынан бір сәтке де кеткен жоқ. Тіпті, ер азаматтардың өзі көз жасына ерік берді, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі Бірінші Еуразия арнасына сілтеме жасап. «Осы Балуан Шолақ атындағы сарайда Денистің алғашқы шоуларын өткізген едік. «Денис және достары» шоуына әлемнің түкпір-түкпірінен ең атақты жұлдыздар келді. Біз үшін бұл үлкен мәртебе еді. Небәрі 20 жастағы жігіт әлем жұртын қазақ жерінде тоғыстырды. Ал біз оны қорғап қала алмадық», - деді Нұрлан Абдуллин. Сондай-ақ, қоштасу рәсіміне екі ұлымен бірге келген Роза Рымбаева да ана үшін бұдан асқан қайғы жоқ екенін айтып көзіне жас алды. «Әрбір ана үшін ауыр қайғы – өзі үлкен жұлдыз жасап, тамаша ер азамат етіп тәрбиелеген, болашағы зор ұлын жоғалту», - дейді ол. Ал скрипкашы Жәмила Серкебаева қазақстандық жастарды Денис Теннен үлгі алуға шақырды. «Небәрі 25 жасында ол үлкен жетістікке жетті. Жас бозбалаларымыз онымен теңесуге тырысулары керек», - дейді ол. Автор: Kyn.kz