Улы жылан қайдан шықты: Қарағандылықтар көпқабатты үйден жыланды көргеніне аң-таң
Тұрғындар қала орталығындағы көпқабатты үйден жыланның қайдан пайда болғанын білмей дал
Қарағандының орталығында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары баспанасынан жыланды көріп аң-таң болды. Оны қарағандылық азаматша өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына салыпты. Айтуынша, зиянкесті өзі емес, бір жастағы баласы көрген болса, соңы немен бітетінін ойлауға да қорқады. "Отбасыммен Н. Әбдіров көшесіндегі үйдің алтыншы қабатында тұрамыз. Бүгін таңертең әжем ас үйден жылан тауып алды, ол бірден пештің артына жорғалап кеткен. Аң-таң болғанымызды айтып жеткізе алмаймын! "112" нөміріне құтқару қызметіне хабарласып, болған жайтты айттым", — деп жазды әйел. Құтқарушылар келгенде жылан жоғалып кеткен екен. Ал олар кетіп қалған соң, ас үй шкафының астынан жылтырап көрінді. Үй иелері құтқарушыларды күтпей, шкафты, пешті бері тартып, жыланды тауып алды. https://www.instagram.com/p/Bloxhk3g5sD/?utm_source=ig_web_copy_link "Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметті шақырып, бұл жолы жыланды көзден таса қылмай отырдық. Олар тез келіп, ұстап алды! Жылан ысылдап, айбат шегіп, шабуылдауға тырысты", — дейді Қарағанды тұрғыны. Қазір жыланның улы ма, жоқ па екені анықталып жатыр. Болжам бойынша, даланың улы сұр жыланы сияқты.