Ақтауда 12 жасар қыздың асқазанынан үш келі шаш шықты
Облыстық балалар ауруханасының хирургтері 12 жасар қыздың асқазанынан ұзындығы 35 см шашқа толы шар алды.
Оның салмағы – 3 келі 560 грамды құраған. Бұл туралы облыстық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Сұлтанбек Тумашев айтты деп жазады Lada.kz. Хирургтың айтуынша, қыздың асқазаны толы шаш болған. Онда тамаққа орын қалмапты. «Қызды ота жасауға екі күн дайындалды. Қыздың асқазаны кеңейіп кеткен. Асқазаннан салмағы 3 келі 560 грамм болатын шар алдық. Қазір науқастың тәбеті жақсы. Бүгін оны үйіне шығардық», - деді Сұлтанбек Тумашев. Қыздың анасының айтуынша, ол бірнеше жылдан бері шашының ұшын жеген екен. Соңғы уақытта оның жүрегі айнитын болған және жүдеп кетіпті. Тамақ көп жемесе де қыздың іші үлкейіп кеткен. Сөйтіп дәрігерлер тексеру кезінде оның асқазанынан шаштан тұратын шарды тауыпты.