Туризм дамып жатыр: "Жалаңашкөл" бекетінің аянышты келбеті
ШҚО-да адам шошырлық күйде тұрған бекет туралы не білеміз?
Елімізге "туризм" түсінігі етене таныс болып, аталмыш салаға көптеп көңіл бөлінгелі бері, туристік елдімекендердің талайының туы "тіктеліп" қалғаны баршаға аян. Десе де, күллі жұртқа аты мәшһүр болғанымен, жай-күйі күні бүгінге дейін жөнделмеген жерлер қаншама... Солардың бірі – ШҚО-дағы атақты Алакөлге апаратын, республикадан бөлек, алыс-жақын шетелдерден турист қабылдайтын – "Жалаңашкөл" бекеті болып отыр. NUR.KZ фоторепортажы. Биыл алғаш рет Семей, Өскемен қалаларынан Жалаңашкөлге дейін жолаушылар поезды қатынайтынын естіген жұрттың қуанышында шек болмаған-ды. Себебі, бұл әйгілі Алакөлге апаратын бірлі-екілі поездардың бірі еді. Десе де, ел тұрғындарының қуанышы алысқа бармады. Жалаңашкөлдегі "жабайы" тірлік пен бекеттің "адам шошырлық күйін" көрген олардың көңілі бір мезетте-ақ су сепкендей басылған еді. Кеңес Одағы дәуірінен қалған бекет қабырғаларының әктері құлаған, бұл аздай төбесі де тесік. Ал, вагоннан түсе сала перроннан бекетке қарай апаратын баспалдақтың түрі мынау: цементі үгітіліп, шашылып жатыр. Бұдан бөлек бекет маңы күл-қоқысқа толып қалған. Жолдың жиегі шашылған пластик бөтелкелер мен жыртылған пакеттерден, тіпті, сыраның бос бөтелкелерінен көз ашпайды. Поездан түсе салысымен алыстан көзге көрінетін "нысандардың бірі" - жапан даладағы мына жалғыз әжетхана. Оның іші-сырты да күл-қоқыс. Сорақысы сол, әжетхана маңындағы қолқа қабатын иіс әп-сәтте-ақ тынысыңды тарылтатыны тағы бар. Сол сияқты, поезд жол-жөнекей жөндеуден өтіп, сәл кідіре қалса болғаны, мұндағы жолаушылардың жағдайы тіптен қиындай берді дей беріңіз. Бекет сыртында тізе бүгетін жер атымен жоқ. Ел тұрғындары "жоқтан бар" деп, киім-кешектен төсеніш жасап, күннің аптап ыстығында жабайы адамдарша жерге отыра кетуге мәжбүр. Айтпақшы, биылдан бастап қана тіршілігі жандана бастаған "Жалаңашкөлде" жабайы сауда да қызып тұр. Жергілікті халық мынадай "будкаларды" дәмхана етіп, тәтті-дәмділерін сатып әлек. "Дәмханағы" ыстық тамақ бағалары да әр түрлі. Мәселен бір бәліш – 100 теңге болса, 5 дана манты – 700 теңге болып шықты. Ал, жолаушылардың аталған қызметке жүгінгеннен басқа амалы да жоқ. Себебі, бекеттен Алакөлге апаратын такси некен-саяқ әрі бағасы да шарықтап тұр: бір адамға – 2500 теңге. Сондықтан, қымбат таксиге ұрынып қалмас үшін әрі уақытынан кешіккен поезды күту үшін, әлгіндей "тынығу" орындарына баруға мәжбүр. P.S. Адал еңбек етіп, қолынан келгенше нәпақасын тауып жүрген жергілікті халыққа кінә тағудан аулақпыз. Таяқтың ұшы жергілікті билікке тиері сөзсіз. Айтпағымыз, қарыштап дамыған елу елдің қатарына кірместен бұрын, ауылдағы қаракөздеріміз бен осындай "Жалаңашкөл" сияқты елдімекендер мен ауылдардың жағдайын «түгендеп» алсақ игі еді. Себебі, "Жалаңаш" (авт. жергілікті халық бекетті осылай атайды) сияқты бекеттер елде жетіп артылады...