Басты жаңалықтар

5000 сотталушы босатылады: бас прокуратура жаңа заңды түсіндіріп берді

Марат Ахметжановтың айтуынша, сотталушылардың ішінде педофилдер, зорлық жасағандар, адам өлтіргендер жоқ.

Бұл жайлы Sputnik.kz жазады. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған заңның негізгі қағидалары туралы айтып берді. Аталған заң 31 шілдеде күшіне енеді. "Осы заң шыққалы әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпараттар тарауда. Ауыр қылмыс жасаған 5 мың адам бостандыққа шығады деп шулап жатыр. Олардың қатарына зорлау, тонау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және басқа да ауыр қылмысы үшін сотталғандарды қосып жатыр. БАҚ-та да бұл ақпарат жарияланды. Біреулер мәтіннен үзіп алып, сенсация жасағысы келді. Соның кесірінен қоғам дұрыс түсінбей қалды", — деді Ахметжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Ол бостандыққа шығатын 5 мың адамның ішінде ауыр қылмыс жасағандар жоқ екенін атап өтті. "Қарақшыларды, педофилдер мен адам өлтірген қаскөйлерді ешкім босатқалы жатқан жоқ, босатпайды да", — деді бас прокурордың орынбасары. Айтуынша, зорлау, тонау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмыстары бойынша жауапкершілік сол күйі қалады. Мұндай қылмысқа барғандар рақымшылыққа ілінбейді, жәбірленушімен ымыраға келсе де, істеген ісіне өкінсе де жазадан құтылмайды. Заң аясында Қылмыстық кодекстің 262-бабына, қылмыстық-процестік кодекстің 45 және қылмыстық атқару кодексінің 9-бабына түзетулер енгізілген. Ауырлығы орташа және онша ауыр емес, адам өліміне әкеп соқпаған 247 қылмыс бойынша баламалы жаза түрінде алғаш рет қоғамдық жұмыс енгізілді. Айыппұлдың ең төменгі көлемі 500-ден 200 АЕК-ке (1,2 миллион теңгеден 481 мың теңгеге дейін) дейін төмендетілді, ал оны төлеу мерзімі 6 айдан 3 жылға дейін ұлғайды.