Басты жаңалықтар
Теннің өліміне қатысыты бойжеткеннің аты-жөні анықталды
- автор kyn.kz
- 27 шілде, 2018
- 354
Теннің өліміне қатысы бар делінген бойжеткен қанды қылмыс орнында болған болуы мүмкін
Бұл жайлы КТК арнасы жазады.
Теннің өліміне қатысы бар делінген бойжеткен қанды қылмыс орнында болған болуы мүмкін Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты қамалғандар саны көбейді. Қанды қылмыс жасады делінген Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясовпен қоса Жанар Толыбаева ұсталды. Бойжеткен күдіктілердің қылмыс жасағанын біле тұра, құзырлы органдарға хабар бермегені үшін айыпталып жатыр. Ол да сот қаулысымен 2 айға қамауға алынған.
Бас прокуратурадағы бүгінгі жиыны негізі заңдағы өзгерістер жайлы еді. Алайда, сұрақтың дені Денис Теннің қазасы туралы болды. Бақылаушы орган басшысының орынбасары істің қалай жүріп жатқанын баяндай бергені сол екен, айтылмай келген ақиқат та ақтарылды.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
-Іс екі бап бойынша қаралуда. Бұл ұйымдасқан түрде қасақана адам өлтіру және қарақшылық шабуыл жасау. Күдікті ретінде үш адам тұтқындалды. Жеткілікті дәйек жиналған. Оның іске қаншалықты қатысы барын прокурор тексереді. Тілшілерді елең еткізгені күдікті санының көбеюі. Бұған дейін Теннің қазасы бойынша 2 жігіттің ұсталғаны баршаға белгілі. Ал үшіншісі дүйсенбіде тұтқындалыпты. Ахметжанов ол туралы артық тіс жармай, бармағын бүгіп қалуды жөн көрді.
Көп ұзамай жаңа күдікті жайлы Алматы сотынан білдік. Аты-жөні Жанар Толыбаева екен. Ол Қиясов пен Құдайбергеновтің ұрлыққа алдын-ала дайындалғандарын біліпті. Мәнерлеп сырғанаушыны өлтіргендерінен де хабардар болған көрінеді. Тіпті, сол кезде қылмыс орнында Толыбаеваның өзі де жүрген деген болжам бар. Жауыздыққа көз жұма қараған ол сот санкциясымен қамауға алынған.
Диас Махамбетов, Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы:
-Алмалы аудандық сотының қаулысымен Жанар Толыбаева қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғанша, яғни 2 ай бойы ол абақтыда отырады.
Үшінші күдіктінің аты-жөнінен басқа ақпарат жоқ. Күллі елдің қабырғасын қайыстырған оқиға өткен бейсенбіде болды. Денис Тен тапа-тал түсте көлігінің айнасын ұрлап жатқан екі жігіттің үстінен түседі. Кейін жанжал туып, ұрылар чемпионның аяғына пышақ сұққан. Небәрі 25 жастағы мәнерлеп сырғанау шебері содан көз жұмды. Ал, оқиға орнынан із суытқан басты күдіктілер көп ұзамай қолға түскен болатын. Олар да 2 айға қамауға алынған.
- Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысындағы қанға боялған жер сол қаралы күнді әлі еске салып тұр. Жас спортшының мезгілсіз қазасына қайғырғандар әлі де мұнда келіп жатыр. Аумақтағы гүл, ойыншық және Денис туралы естелік қағаздар күн санап көбейіп барады. Ал марқұмның туыстары мен полиция сол күні осы маңнан өтіп бара жатқан куәгерді таба алмай жүр. Қайғылы оқиғаның шын хронологиясын сол жігіт қана білуі мүмкін.