Шымкенттік көпбалалы ана ДЦП диагнозымен туған ерекше сәбиді асырап алды
Төрт баласы бар ана бесіншісін көтере алмаған соң, перзентханадан нәресте асырап алды. Ал баланың туаыла сала сал ауруы туралы хабарсыз болыпты.
Төрт баланың анасы Ақмарал Темірбаева бесіншісін көтере алмайтынын білгенде перзентханадан бала асыраймын деген шішімге келіпті. Сөйтіп, көп ойланбастан, ойлағанын жүзеге асырады. Бірақ ол туыла сала бауырына басқан ұлының сал ауруы туралы мүлдем хабарсыз болғанын айтады. Тек бір айлық сəбиін құшақтап невропатологқа қабылдауға барғанда ғана ерекше баланы асырап алғанын білген. "Бармақ шайнап, өкінген түгім де жоқ. Дəрігерлер ауру баланы кері қайтарып, бас тарту мүмкіндігім бар екендігін айтты. Мен бірінші көргеннен ерекше ұлыма аналық мейірімім оянып, бар жылуыммен бауырыма басқанмын.
Бас тартқым келмеді. Тіпті қазір ерекше балаларға арналған балабақшаға бергім келмейді. Уайымдап қаламын. Сондықтан да жанымнан бір елі жібергім келмейді"-дейді көпбалалы ана.
39 жастағы Ақмаралдың тағдыры да ерекше екен. Алғашқы үш баласы өзінің туған балалары емес, күйеуінің бірінші некесінен қалған перзенттері.
"Үлкен ересек балаларымның туған анасы бар. Араласып тұрады. Кейде пендешілікпен туған анасы үш баланың ойын бұзып,шағыстырып кететін кездері де болды. Таяқ та жедім. Отбасын тастап кеткім келген кездерім де болды.
Мен келгенде ересек балаларым ес біліп қалған кезі еді. Мені қабылдағылары келмей, əкелерін қызғанып та қалатын. Басында əрине оңай болған жоқ. Талай сынақты басымнан кешірдім.
Бірақ махаббатпен, төзімділікпен, сабырға, ақылға салып, түтінімді түзу шығарып, отбасымның берекесін ойладым", - дейді Ақмарал Темірбаева.
Айта кетейік, Ақмарал жұбайымен қазақтың көнерген салты "сүйек жаңғырту" дəстүрімен шаңырақ көтеріпті. Енесі "Балаларға мейірім төгіп, ұлымның басын төрге сүйрер осы қыз болады" деп оны осы әулетке келін болып түсірді. Ал Ақмарал бұл үйге күйеуінің бірінші әйелі үйінен кетіп қалған соң, жиеншар болып келген екен.
Бүгінде Ақмарал мен жұбайы бес баланың ата-анасы, бір немерелері бар бақытты ата-əже. Перзенттерінің алды, үлкен ұлдары 25-те. Жақында шаңырақ көтеретін ойы бар.
Одан кейінгі қыздарын ұзатып, бүгінде немере сүйіп, қазақтың дəстүр салтымен құда-құдағилық сыйластығы тағы бар. Үшінші перзентері жоғарғы оқу орнының студенті болса, босаға аттап, келін болғанда көрген төртінші ұлы мектеп қабырғасында оқиды, сегізінші сыныпқа өткен.
Алғашында, ерешке диагнозы бар бауырларын үлкендері бөтенсіген. Дегенмен кейіннен бауыр басып, үйренісіп, бір туған боп кеткен. Отбасы, тіпті əулет болып Ақмаралдың бұл аналық жүрегінің қалауын қолдап, демеп келеді екен.
Жұбайы да барынша жанына желеу болып, сауап іске сеп болған мейірімді жарына жан шуағын арнаудан танған емес.
"Ерекше ұлым Мырзабегім қазір үшке келді. Туғанда салмағы екі келі 400 грамм болған. Қазір үш жастағы дене салмағы жеті келі. Талпынып, ізденіп, дəрігерлерге қаратып, ем-дом жасатып келеміз. Əрекет етуден танбаймын. Қай жерде ем бар, қай жерде арнайы орталықтар бар... Барлығын біліп, қалмауға тырысамын.
Ерешке перзенттері бар аналармен байланысты үзбеймін. Ташкенттік дəрігерлерге үш ай сайын барып ем қабылдаймыз. Дəрігерлер "70 пайыз кепілдік береміз, 30 пайыз сауығып кетуіне сенім жоқ"дейді. Менің Алладан үмітімді үзгім келмейді. Жазылып, ұлымның аттай болып кететіне сенемін", - деп жігерлі жанары жарқылдаған көпбалалы батыр ана келешектен күтетін үмітінің көптігін білдірді.
Ақмаралдың өзі де осы жылдың мамыр айында денсаулығы сыр беріп, тағы бір сынақты басынан өткізді. Ауру баланың жайын жасап, режиммен ем домын жасамақ түгілі, отадан шыққан Ақмаралдың өзіне қарауға шамасы келмеген.
Сонда "Бұл баланы қайта өткізіп жібер. Шамаң келмейді. Науқас балаға байланып қалдың, сырқат баламен отырып, дəуренің өтіп барады. Балалар үйіне өткіз де, жұмысқа шық, өзіңе қара" дейтіндердің қатары көбейген.
Қайта осылай дейтін жандарды жек көріп кететінін айтады Батыр Ана. Ғұмырын бала тəрбиесіне, отбасына, жолдасының жайын жасауға арнауға бел буған Батыр ана Ақмарал Серікбайқызы тағы бір перзент асырап алу ойының бар екендігін айтып қалды.
"Тағы бір қыз бала асырап алсам деген ойым бар. Келешекте өбектеп өсіріп, өзіммен сырлас боп, жанымда жүрер жанашырым болғанын да қалаймын. Бірақ тағы бір қыз перзент асырап алсам Мырзабегіме көңіл бөле алмай қалам ба деген қорқынышым да бар. Денсаулығы тəуір болған соң мүмкін тағы бір перзентті болуды бұйыртар", - деп күлімсіреді көзі нұрға, махаббатқа толы Батыр Ана.