Қытайдан келген қазақ: Сауыт кигізіп 12 сағат қинады, ассалаумағалейкум деп сәлем бермейсің деді
Қытай түрмелерінде жазықсыз отырған отандастарымызды елге қайтару жұмыстары басталды. Биыл көрші елден сегіз адам оралған. Сыртқы істер министрлігі қытайлық әріптестерімен бірқатар келіссөздер жүргізген болатын. Қазір сол келісімдер жемісін бере бастаған сыңайлы.
Бірнеше ай сотсыз, тергеусіз темір торға қамалған азаматтардың мұңын Еуразия бірінші арнасы жеткізді. «Сауыт киім кигізіп мені 12 сағат қинады. Былай тік тұрасың. Алты сағаттан кейін менің жаным шыдамады», – дейді Қайрат есімді азамат. Қазақстанға оншақты жыл бұрын көшіп келген Қайрат өткен жылы жұмыс бабымен Қытайға барып, артынша саяси үйрену лагерінен бірақ шығыпты. Айтуынша лагердегі 6 мыңға жуық адамның 3 жарым мыңнан астамы қазақтар екен. Тұтқындарға қара нан мен қара су ғана берген. Күні бойы Қытыйдың әнұранын шырқап, үкімет басшысына мадақ айтумен болған. 4 ай ішінде әбден азып-тозып, жүнжіген кезінде Қазақстандағы отбасын көріп келуге рұқсат берген. Ол үшін үйі мен бір миллион теңгені кепілге қойуына тура келіпті. «Ұлттық киім кимейсің деді, сананы тоқтатасың деді. Ассалаумағалейкум деп сәлем бермейсің деді, мұсылманша жүрмейсің деді. Әрбір үйде мейрам өткізді. Әрбір үйге екіден қытай жатқызып қойды. Сонда қаншама қан жылап, жүрегім езілді. Әрбір халықты әскери сап бойынша жүргізіп қойды. Қаншама халық ол жерде табанда езілді» – дейді Астана қаласының тұрғыны Қайрат Самарқан. Үш баланың анасы Гүлзия Қытайға визасын создыру үшін барып, жатырдағы баласынан айрылып қайтқан. Аяғы ауыр екені сезіп қалған сақшылар оны түсік жасауға мәжбүрлепті. Ол аздай құрт ауруына шалдықтың деп белгісіз дәріні күштеп берген. Күйеунің шағымы Қытай үкіметіне жеткенде ғана келіншекті екі баласымен кері қайтарыпты. «Негізі сол қысым арқылы өздеріне қауіп-қатер төне бастаған соң мені жоғарыдан біртұтас бұйрық берген. Құжаттарды өздері жасап, шекараға дейін еріп келіп, шекарадан өткізіп тастап, қайтып кетті» – дейді Қарақыстақ ауылының тұрғыны Гүлзия Мөгдінқызы. Дей тұрғанмен солақай саясаттың кесірінен талай отбасының шырқы бұзылған. Айтұрған жолдасын көрмегеніне бір жылдың жүзі болыпты. Қытай тарабы құжатың дұрыс емес деп, шақырып алып түрмеге қамап қойған. Қазір үш баласын асырай алмай қиналып жүргенін айтады. «Ол жерде төрт кереге тамнан басқа ештеме де жоқ. Әйтеуір туыс-туғанның, қарындасының үйінде жүр сол жақта. Не істеп жатқанын да білмейміз. Мен үш баламмен квартирада қаңғырып жүрмін. Қыстан да әрең шықтым. Осыларды да үсітіп ала жаздадым күннің суығында» – дейді Алматы қаласының тұрғыны Айтұрған Әдеш. Бүгін жиналаған жұрт Қытай қазақтарының жанайқайын ресми органдарға жеткізіп, түйткілді мәселенің шешімін табуына ұйытқы болған біздің арнаға алғыстарын жеткізді. «Осы Еуразия бір каналына көптен көп рахмет. Осы каналдың арқасында және басқа ад ақпарат құралдарының арқасында жоғарыға жетті. Сыртқы істер министрлігі арқылы бірқанша делегеция барып қайтты. Әлі де қытайменен келіссөздер жүріп жатыр» – дейді қоғам белсендісі Қайрат Байтолла. Ал жазықсыз түрмеде отырғандар қытай үкіметінен әрқайсысы бір миллион доллардан өтемақы талап етуді көздейді. Қазір сотқа шағым түсіру үшін құжаттарын рәсімдеуге кіріскен.