Кілем жуып жатып суға кетті: жүкті әйелдің денесі төрт күннен соң табылған
Күйеуінің көз алдында суға батып кеткен 32 жастағы әйелдің денесі оқиға орнынан 30 шақырым жерде табылды
Бұл жайлы Sputnik.kz жазады. Құтқарушылар Үлкен Алматы арнасында кілем жуып жатып суға кеткен келіншектің денесін төрт күннен соң тапты. Алматы облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаза тапқан 1986 жылғы әйелдің денесі 27 шілде күні сағат 17.55-те қала территориясында, суға кеткен жерден отыз шақырым жерде табылыпты. Қайғылы оқиға Алматы обылысы Еңбекшіқазақ ауданында 23 шілдеде болған. Келіншек күйеуімен бірге кілем жуып жатады. Оқыста аяғы тайып құлап, әйел суға кетіп қалған. Үлкен Алматы арнасының тереңдігі екі метр. Марқұмның денесін іздеу кезінде арнадағы судың тереңдігін азайтуға тура келді. Құтқарушылардың айтуынша, бұл арна егіс алқаптарын суаруға арналған, шомылып немесе кір жууға болмайды. Арнаның ағысы қатты болғандықтан, аса қауіпті.
Дәл осындай жайт Астанада да болған. Нұра-Есіл арнасында 14 шілдеде 43 жастағы әйел екі қызымен кілем жуып жатып қаза тапты.