Тауда жоғалып кеткен жеті жасар бала өлі табылды
Баланың жоғалуына қорқып тауға қарай қашқаны себеп болған.
Бұл жайлы Sputnik.kz порталы жазады. Полиция жеті жасар баланың жайлаудан жалғыз өзі кетіп қалып, адасып, тау ішінде қаза болу себебін түсіндірді. "Жоғалып кеткен бала достарымен бірге бір шопанның балалардың біреуін ұстап, сілкіп жібергенін көрген. Бақташы ер бала ұялы телефонын ұрлап алды деп ойлап, мойындатқысы келген екен. Мұны көрген баланың зәресі ұшып, қаша жөнеледі. Ал қалған төртеуі басқа бағытта кетеді. Тауды жақсы білмейтін жеткіншек адасып кеткен", — деп мәлімет берді Алматы облысы ішкі істер департаменті. Бірақ полиция малшы балаларға пышақпен қоқан-лоққы көрсетті деген ақпаратты растамады. 2011 жылы туған бала 14 шілдеде төрт досымен жайлауға қыдырып барып жоғалып кеткен. Ол Ынтымақ ауылына Алматыдан қонаққа барыпты. Баланы екі апта бойы іздеген полиция оның денесін 27 шілдеде Ынтымақ ауылына жақын жерде тапты. Жедел тергеу тобы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.