Басты жаңалықтар

Жеті адам тірідей өртенді: Батыс Қазақстанда адам шығыны көп көлік апаты болды

Самара-Шымкент тас жолында қос көлік соқтығысып, 7 адам тірідей жанып кетті

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметіның айтуынша, 30 шілде күні сағат 03.06-да Самара-Шымкент жолының 318-шақырымында, Сырым ауданы аумағында екі авто:  «ВАЗ-2114» және «ВАЗ-2170»  көліктері соқтығысқан.

Соққының ауырлығынан қос көлік бірден отқа оранды.  Оқиға орнына БҚО ТЖ департаментінен 1 қызметкер мен 1 техника, «Өрт сөндіруші» АҚ филиалынан 9 қызметкер және 1 техника барған.

Өрт тез арада сөндірілсе де, адамдардың өмірін аман сақтап қала алмады. Қазір олардың кім екендері анықталу үстінде.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысының мәліметінше, сағат 03.15-те жедел жәрдем шақырылыпты.

Өрт салдарынан қаза тапқан 7 адамның мүрделерін құзырлы органдар  алып кеткен.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі болған оқиғаны растап, мәліметті кейін беретіндігін жеткізді.