Өскеменде Дмитрий есімді жігіт 500 адамға ауызашар берді
Діні бөлек болғанына қарамастан Дмитри есімді Өскемен тұрғыны мұсылман қауымға арнап дастарқан жайды. Дініміз бен діліміз бөлек болса да, Отанымыз ортақ, тілегіміз бір деп санайтын Өскемендегі "Rating" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дмитрий Левитанус облыстық "Халифа Алтай" мешітінде 500 адамға арнап ауызашар берді, -деп хабарлады KYN.KZ басылымы Altaynews сайтына сілтеме жасай отырып. Оған қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен жандар жиналды. "Жүз отыздан астам ұлттың өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Жеке басым, Қазақ елінде тұрып жатқан барлық этнос өкілінің ұстанған ұстанымы мен наным-сенімін құрметтеймін. Әсіресе он екі айдың сұлтаны Рамазан айында ораза тұтқан халықтың шыдамдылығына тәнтімін. Тегінде ел бірлігі мен ынтымағын нығайта түсетін осындай діни мерекелерді табиғат-ананың өзі де ерекше сүйетін болса керек. Оны ауа райына қарап-ақ байқауға болады. Жалпы, мен мұсылман достарымнан ауызашар берудің сауабы мол деп естіген едім. Сондықтан осындай қадамға бардым", — дейді Дмитрий Левитанус. Ауызашарда облыстық "Халифа Алтай" мешітінің имамдары жамағатқа арнап оразаның пайдасы мен ұстау қағидалары жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Бұл күні мешітке жиналған қауым Дмитрийдің сауапты ісіне дән риза болып, оған жылы лебіздерін білдіріп жатты. "Діні бөлек болғанына қарамастан, мұсылман қауымға арнап дастарқан жайған Димаға алғыс айтамын. Еңбегі жемісті болсын", — дейді Мәдина Ақтанова.