Қырғызстанда мерт болған отандасымыз ғалым болып шықты
ІІМ вице-министрі Юрий Ильин Қырғызстан тауларында қайтыс болған азамат пен зардап шеккен отандастарымыздың қай өңірлерден екенін айтты
ТЖК-де өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің вице-министрі Юрий Ильин оқиғаның мән-жайын хабарлады. Айтуынша, Қырғызстан тауында тастың құлауынан қаза тапқан Қазақстан азаматы – 1976 жылы туған Алматы тұрғыны екен. Марқұм Алматыдағы ғылыми-зерттеу институттардың бірінде жұмыс істеген.
"Тексеру жұмыстарынан кейін оның денесі жерлеу үшін туыстарына беріледі. Тауға шыққан қалған азаматтардың үшеуі – алматылық, біреуі - өскемендік. Ал ресейліктер – Томск қаласының тұрғындары. Олар бұған дейін де тауға бірнеше рет шыққандықтан кәсіби мамандар деп айтуға болады. Барлығы – ер адамдар. Бұл өте күрделі маршрут болған", - деген вице министр олардың денсаулықтары тексерілгенін атап өтті. "Қазір ауруханаға жатқызу қажет емес екендігі анықталды. Ресей азаматтарынан оқиға жайлы жауап алынғаннан кейін босатылады. Жауаптар бүгін алынып бітуі тиіс", - дейді Юрий Ильин ТЖК-де өткен брифингте.
Еске сала кетейік, кеше Бішкек маңындағы тауда тас көшкіні болып, қазақстандық туристерді басып қалды. Ауыр тастың астында қалған бір отандасымыз сол жерде жан тапсырса, қалған үшеуінің жарақат алғаны хабарланған еді.