Қарағандыда қос жанарынан айырылған ер адамды жақындары көшеге тастап кетті
Қарағандылық еріктілер құжаты мен киімі жоқ мүгедек жанның жақындарын іздеп жатыр.
Теміртаудың қайта әлеуметтендіру бөліміне жарымжан бір жарым ай бұрын түскен екен. Қолында «Виталик, жасы 47-де» деген екі ақ ауыз сөз жазылған парақ қана болған. Жүріп-тұруы былай тұрсын, тамақ та іше алмайтын азаматты бағып отырған жақындары тастап кетті деп отыр.
Туа бітті Даун синдромына шалдыққан Виталийді қайта әлеуметтендіру мекемесіндегілер «тастанды бала» деп атап кеткен. «Өйткені 47 жастағы азаматтың жетімдерден еш айырмашылығы жоқ» дейді.
Маусымның 18 күні мінезінде ауытқушылығы бар жанды әлдекімдер қолына бір пакет ұстатып далаға қалдыра салған. Іш киімі және аты мен жасы жазылған бір жапырақ қағаздан басқа құжаттар болмапты.
"Бұл кісінің туыстары бар ғой. Үкіметтен бөлінген жәрдемақысын біреулер алып жатыр ғой. Сол себепті құжаттары болса. Аты-жөні болу керек қой бұл кісінің", - дейді қайта әлеуметтендіру орталығының мейірбикесі Лаура Әбдірасилова.
Өздігінен жүре алмай, қос жанарынан айырылған Виталийді бір жарым айдан бері бағып отырған мамандар азаматтың жақындарының барына сенімді. Олар тым құрығанда, құжаттары табылса екен деп тілейді. Себебі арқасы бүкір, денесінде жарақаттары бар жан дәрігерлердің бақылауын қажет етеді дейді.
"Бізде медициналық көмек көрсетуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Біз тек оған тамақ беріп, жуындырып, далаға шығара аламыз. Ал дәрігерлердің ңұсқауынсыз оған ешқандай ем-шара жүргізе алмаймыз", - дейді аталған орталықтың директоры Наталья Занкина.
Егер 47 жастағы азаматтың құжаты табылмаған жағдайда, «Қайта әлеуметтендіру орталығының» басшылығы оған бір жарым жыл ғана көмек көрсете аламыз деп отыр. Ал одан кейінгі тағдыры не болары белгісіз.
<iframe src="//player.nur.kz/partners/player/5wvcetrh?company_id=100" allowfullscreen style="width:640px;height:360px;border:none;"></iframe>