Басты жаңалықтар
Алматы облысында сәбиін сатпақ болған қыздың әжесі мән-жайды түсіндірді
- автор kyn.kz
- 1 тамыз, 2018
- 225
Ал көкек ананы полиция қамауға алған, бірақ ол денсаулығына байланысты қазір ауруханада жатыр.
КТК арнасының мәліметіне сәйкес.
Алматы облысында туған бойда сатылды деген баланы анасы тіпті тегін бермек болыпты. Нағашы апасының айтуынша, 20 жасар қызы оң жақта отырып жүкті болған. Содан өз әкесіне қажетсіз сәбиді бір перзентке зар болып жүрген отбасыға сыйламақ болады. Ал ақша туралы әңгіме мүлдем қозғалмаған көрінеді.
Қыздың анасы өзінің берген сұхбатында: "Қызым әкесіне керек емес деді. Баланы алдыртып тастаймын дегесін, обал болады деп алдыртпаған мен едім, жаным. Енді ол жерде сатылады деген ештеңе болған жоқ. Қызым «менің аяғыма оралғы болады, мама, ертеңгі күні» деп ойбайлағаннан кейін келісіп едім", - деп түсіндірмек болған.
Алайда бұған дейін қылмыстың алдын-ала жоспарланғаны, тіпті баланың 1 миллион теңгеге бағаланғаны айтылған еді.
Еске салсақ, полицейлер өткен аптада жаңа туған нәрестені сатқалы жатқан топтың үстінен түскен еді. Оқиға Қаскелеңдегі ауруханада болған. Күдіктілер қатарында баланың туған анасы, нағашы әжесі және оны сатып алмақ болған әйел бар. Бұған қоса, перзентхана дәрігері де айыпталып жатыр. Бастапқыда олардың бәрі қамауға алынғанымен, көп ұзамай бостандыққа жіберілген.
Сот тек көкек ананы ғана қамауда қалдырған. Алайда денсаулығына байланысты қазір оның ауруханада жатқанын білдік. Тірі тауарға айналған шақалақ та әлі перзентханада. Оның тағдыры алдағы уақытта шешілмек. Ал нағашы әжесі енді ғана сәбиді өзінің бауырына басуды қалап отыр.