Қазақстандықтар тамызда "аққан" жұлдыздарды тамашалай алады
Әлем жұртшылығы аспан әлемінің тағы бір керемет құбылысын бақылай алады. Ол тамыздың 12-сінен 13-іне қараған түні болады
Тамыз айының алғашқы онкүндігінің соңында метеор жауынын тамашалау мүмкіндігі болады. Бұл құбылыс ең қарқынды метеор ағыны – Персеид деп аталады.
Персеид ағыны 17 шілде мен 24 тамыз аралығында белсенді болады. Көбіне бұл құбылыс 12 тамыздан 13-не қараған түнге келеді. Бір сағат ішінде 60-100 метеорға дейін санауға болады.
Көздің жауын алатын керемет құбылысты қала сыртында, жасанды жарықтан аулақ жерде тамашалаған жөн. Егер жұлдыз жауған түні ай жарық болса, метеор ағынының тек ең жарықтарын ғана көруге болады.
«Метеор жауыны» немесе метеор ағыны – құйрықты жұлдыз (комета) сынықтары. Халық аузында оларды «ақпа жұлдыздар» деп атайды.
Адамдар арасында әркімнің өз жұлдызы болады, ол туған күні аспанда жұлдызы да туып, өмірден қайтқанда жұлдызы да сөніп, ағып кетеді деген түсінік бар. Ал ғылыми тұрғыдан алып қарасақ, жұлдыздардың ағуы адамдардың өмірімен байланысы жоқ.