Қоқыстан тамақ жейміз: Ақтөбелік отбасының жағдайы жұртты шошытты (фото)
Ақтөбеде қаладан бірнеше шақырым жердегі қоқыс полигонынан тамақтанып жүрген Света есімді келіншектің жағдайы халықты дүрліктірді. Ол пластикалық бөтелкелерді жинап, қоқыстағы шіріген тамақтарды жеп жүр екен.
Светаның өзі Ақтөбеге Оралдан жұмыс іздеп келген. Отбасымен бірге пәтер жалдап жүр екен. Ақтөбеде тұрып жатқандарына 10 жыл болыпты. Күйеуі жалдамалы жұмысшы болып істеген. Алайда жұмыс беруші жалақысын уақытылы төлемеген соң, осы жұмысқа келіп отыр. Света да күйеуінен кейін бұл жұмысқа амалсыздан келген. Жолдасы бұл жерде бес жылдан аса жұмыс істейді екен. Ал келіншектің өзі бұл жердегі жұмысты 2 жыл бұрын бастаған екен. Ата-анасымен бірге баласы да жүр екен. "30 келілік қапшықпен пластик бөтелкелер жинап, 25 теңгеден сатамыз. Олардың ақшасын ай соңында күйеуім, мен және балам үшеуміз қосылып, 28-30 мың теңгедей етіп аламыз. Күніге 4-5 қапшық бөтелке тапсырамыз. Онымыз 100-125 теңгедей болады. Ай соңында алатын ақшаның өзін 10-15 күнге кешіктіріп береді. Егер демалыссыз шықсаң 40 мың теңгеге дейін жалақы алуға болады",-дейді Света Чекризова. Светаның үлкен ұлы Ақтөбенің №40 мектебінде 9-сынып оқиды. Ал кішкентайы небәрі екі жаста. Өздері жұмыста болған кезде,бала күтіміне туыстары көмектеседі екен. Қастарына болса, қоқыс жинау үшін туысқанның баласын да ертіп алатын көрінеді. "Енді қайын апам да жұмыссыз. Жолдасы қайтыс болған. Оның да тұрмысы қиын, төрт баласы бар. Оған көмек болсын, баласы киіміне ақша тапсын деп ілестеріп шығамын. Біз қоқыс алаңына таңғы сағат 5-те келеміз. Таңертең қапшықтарға бөтелкелерді жинап қойып, түсте тамақ тереміз. Сол кезде азық-түлік дүкендерінің қоқыс таситын көліктері келеді. Шіріген картоп, жуаларды теріп, үйден пісіріп жейміз",-дейді келіншек.
Отбасы бөтелке жинаған қапшықтарын күзетіп, кеш батқанша оларды тиеп алып кететін машиналарды күтіп отырады.