Сарышаған бекетінде тоқтап қалған поезд жолаушылары 4,5 миллион өтемақы алады
Жүк пойызы апаты салдарынан Сарышаған бекетінде тұрған 1 400 жолаушының әрқайсысына 3500 теңгедей өтемақы төленді
ҚазАқпарат мәліметіне сәйкес. «Әзірге жолда тұрып қалған 1 400 жолаушы өтемақы алуға жүгінді, оларға жалпы сомасы 4,5 млн теңге өтемақы төленді», - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Арман Сұлтанов ҚТЖ бас ғимаратында өткен брифингте. Сонымен бірге, компания басшысы пойыздардың жоспардан тыс орта жолда тұрып қалғаны үшін кешірім сұрады. «Бұл шын мәнінде қолайсыз жағдай, жолда тұрып қалған барлық жолаушылардан кешірім сұраймыз. Түсінеміз, барлығының өз жоспарлары болған шығар, өзіміз де мұндай оқиға боларын күтпедік», - деді ол. Айта кетейік, 31 шілде күні Жамбыл облысында жүк пойызы рельстен шығып кетті. Апат салдарынан 19 пойыздың қозғалыс кестесі өзгерді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бекіткен жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесіне сәйкес, жолаушыларға жолда тұрған әрбір сағат үшін билет құнының 3 пайызы төленеді. Бірақ, жалпы өтемақы билет құнынан аспауы тиіс. Өтемақы алу үшін ҚТЖ АҚ билет кассаларына бару керек.