Токиоға қатерлі ісікті емдетуге барған 6 жасар қазақстандық қыз көз жұмды
Бүлдіршіннің жүрегі тоқтап қалған, оның денесін елге жеткізумен консул айналысады.
Бұл жайлы Sputnik.kz жазады.
Өскемен қаласының 6 жасар тұрғыны Райана Сковородникова бүйрек қатерлі ісігіне шалдыққан еді. Ол Жапония астанасы Токио қаласында көз жұмды. Қыздың анасы айтқандай, Райана қатерлі ісіктен қайтыс болмаған, бүлдіршіннің жүрегі тоқтап қалған екен. "Жапон дәрігерлері қолдан келгеннің бәрін істеді, қасында болуыма жағдай жасады. (…) Енді Райананың денесін Қазақстанға алып келумен айналысамын. Қанша уақыт кетерін білмеймін, үйге қайтқымыз келеді", — деп жазады қыздың анасы Екатерина Кирченко әлеуметтік желіде. Әйел адам атап өткендей, Қазақстанның консулдары мәйітті жеткізуге жәрдемдеспек екен. "Біреулер: "Сол жақта жерлеңдер", — дейді. Оған жол бере алмаймын: бұл жерде адамды жерлемейді, мәйітін өртейді, мұнда тіпті мұсылмандар да аз. Олай ете алмаймын", — дейді Екатерина Кирченко.