Алматы облысында науқастар емделуі тиіс шипажайда шенеуніктердің балалары демалған
Шипажай мен балабақша меңгерушілері бұл былықты ұйымдасқан түрде, қолдан жасаған болуы әбден мүмкін
Алматы облысында туберкулезбен ауырған бүлдіршіндерге арналған балабақшадан шу шықты. Шипажай типіндегі мекемеге соңғы 2 жылда науқас балалардың орнына шенді-шекпендінің дені сау ұл-қызы қабылданып келіпті. Оларға Талғар ауданындағы аурухана дәрігерінің жалған жолдама бергені анықталған. Бұл жағдайға балабақша меңгерушісінің де қатысы болуы мүмкін. Талғардағы бұл балабақша бұрын өзі немесе жақыны туберкулезбен ауырған бүлдіршіндерге арналған. Яғни, олар мұнда тек тәрбиеленіп қана қоймай, денсаулықтарын оңалтады. Алайда, дәл осындай балаларды ысырып қойып, мекемеге бірнеше жыл бойы дені сап-сау бүлдіршіндер қабылданыпты. Ерекше күтім жасалатын балабақшаға қызын 1 жыл бойы кіргізе алмай, әбігерге түскендердің бірі жүзін жасырған мына әйел. Перзенті былтыр өкпе ауруынан емделіпті. Кейін жолдамаға ие болғанымен, санаторлық бөбекжайдағылар осы күнге дейін табалдырық аттатпапты. Ата-аналардан есепсіз шағым түсіп, мәселеге прокурорлар араласқан. Сөйтсе, емге мұқтаж бүлдіршіндердің орнына мұнда шенеунік пен кәсіпкерлердің дені сау балалары қабылданған екен. Тіпті, олар мемлекеттік мекемені шипажайға айналдырып, тәуліктеп демалыпты. "2017-2018 жылдар аралығында балабақшаға 114 бала қабылданған. Соның 92-сі заңсыз кіргілізгенін анықтадық. Яғни, олардың денсаулықтарында еш кінәрат жоқ. Демек, Талғар ауданындағы орталық аурухананың фтизиатр дәрігері жалған жолдама берген",-дейді Талғар ауданының прокуроры Бақұстар Қыдырбаев. Яғни небәрі 22 жолдамаға ғана нағыз мұқтаж балаларға бұйырған. Бұл бассыздыққа балабақша меңгерушісінің де қатысы болуы бек мүмкін. Қазір дәрігер екеуіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алайда мемлекеттік мекеменің қызметкерлері бүлдіршіндерді тек жолдамамен қабылдаймыз деп, өздеріне шаң жуытпады. "Ондай болуы мүмкін емес. Бізде тек қана, медициналық картамен қабылдайды, жолдамамен.",-дейді «Айналайын» балабақшасының әдіскері Майра Жүнісова. Бір анығы, осы шудан кейін санаторлық бөбекжайдың мейірбикесі жұмыстан қуылған. Жалған жолдама берген аурухана фтизиатры да қызметімен қош айтысты. Оның кінәсі дәлелденсе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мекеме меңгерушінің де қатысы бары расталса, ол 3 жыл жаза арқаламақ. Ал дымкәс бүлдіршіндердің жолдамасын ақша беріп жырып алған сау балалардың ата-аналарына қандай шара қолданылары әлі белгісіз.