Басты жаңалықтар

ЭКСПО-ны салған 400-дей жұмысшы заңды жалақысын ала алмай жүр

Астанадағы ЭКСПО-ның төңірегінде шу әлі тоқталар емес. Экс-төрағасы Талғат Ермегияев пен қол астындағы қызметкерлері сотталып кеткенімен, қара жұмысшылар заңды жалақысын әлі ала алмай келеді.

«Экспоны» тұрғызған құрылысшылар бұл.  Халықаралық көрме әлдеқашан өтіп кетсе де, маңдайтер ақыларын әлі алмаған. Сондықтан, өздері салған  павильондардың алдына келіп, жалақыларын талап етті. Бұл туралы КТК арнасы жазды. Еңбекақысы қолына тимегендердің саны 400-ге жуықтайды. Сергей Шульгин: -Біз 2015-2016 жылдары мына «Экспоның» бас кеңсесі мен қоймаларды салғанбыз. Сол үшін бір өзім 1,5 миллиондай ақшамды алған жоқпын. Екі жыл бойғы еңбегіміздің ақысын ала алмай екі жыл сандалып жүрміз. Осындай жүздеген жұмысшымен еңбегі үшін есеп айырыспаған. Барлығы «Экспоны» салған 6 компанияның қызметкерлері. Олардың бірі тоқ тартумен, екіншісі құрылыс, енді бірі ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысыпты. Ал, оларды жалдаған бас мердігер «ADS» құрылыс фирмасы. Бір қызығы, осы алып компания «Экспоның» бұрынғы төрағасы үш жыл бұрын қамауға алынған уақыттан бастап жалақы төлеуді доғарыпты. Өйткені, өзі де Талғат Ермегияевпен қоса көрмеге бөлінген миллиардтарды жегені үшін ұсталған болатын. Бірақ, сол кезде қарапайым жұмысшыларға мұның зардабы тимейтінін айтып сендіріпті. Ботагөз Айнақұлова: -Қылмыстық іс өз ісіменен, ал сіздердің жұмыстарыңыз бөлек. Егер бітірсеңдер бәрін онда ақшаның бәрі төленеді уақытында деп бізді сендірді. Сондықтан жұмыс тоқтаған жоқ. Мердігердің бәрі істеді. Әр қайсысы электрик, құрылысшы, ішкі жұмыстарды істейтін барлық  барлық компаниялар жұмыс істеген. Бірақ, жұмысшылар екі жыл бойы босқа тер төккен екен. Өйткені, ақшаны қайтарады деп үміт артқан компания басшысы, 14 жыл арқалаған «Экспоның» экс-төрағасымен бірге 2 жарым жылға   сотталып кеткені мәлім. Сондықтан жарты миллиард теңгеге жуық жалақыны кімнен дауларын білмей, жүздеген жұмысшы сотқа жүгінген. Судья олардың арызын қанағаттандырып, бас мердігер ADS компаниясынан айлық ретінде ақша өндіру туралы шешім шығарыпты. Бірақ, оның орындалар түрі жоқ. ЛЕСЯ ДИГИЧ, ЗАҢГЕР: -Сотта жеңіп шыққанымызға бір жарым жыл болды. Біреуіміз бір тиын алған жоқпыз. Өйткені, бас мердігердің иелігінде тезірек өндіріп алатын ештеңе жоқ. Банкрот болған. Тек, «Экспоға» сатып алынған алып экрандар бар. Біздің сот орындаушымыз сол бағалы  электр құрылғысын бұғаттап қойған. Бірақ, біздің иелігімізге өткізе алмай жүр. Яғни, маңдай тер ақыларын талап еткендер сот шешімінің орындалуын жеке сот орындаушысының өзі созбалаңға салып жүргенін айтады. Әрі үнемі ұстатпайды екен. Бүгін де жұмыс орнында болмай шықты. - Бір анығы, көрмеге алынған үлкен экрандардың құны 2 миллиард теңгеден асады екен Сондықтан осы электр құрылғысын сатып, зардап шеккендердің шығынын өтеуге болар еді  дейді ашынған жұрт. Бірақ, бұл оңай шаруа емес. Өйткені, «Экспоның» қоймасында жатқан  экранның ақшасы толық төленбегендіктен, оған бұрынғы қожайындары да таласып жатыр.  Осыған қарағанда жұмысшылардың қолына  жалақы әзір тие қоймайтын секілді.