Біртанов менингококк инфекциясына қарсы қандай шаралар қолға алынғанын атады
Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, тексерістердің нәтижесі әзірге белгісіз
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан бойынша таралған менингококк инфекциясына қатысты брифинг ұйымдастырған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов күні кеше ғана Алматы облысында көз жұмған келіншек пен бала жайлы пікір білдірді деп хабарлайды KYN.KZ сайты.
Айта кетейік, БАҚ беттерінен қапыда келіні мен немересінен айырылып қалған Алматы облысының тұрғыны жайлы ақпарат тараған еді. Ет жақындарынан айырылған әйелдің айтуынша, жедел-жәрдем қызметі науқастарды нақты қай ауруханаға жатқызатындарын білмей, уақыттан «ұтылған». Министрдің сөзінше, аталған жайт бойынша арнайы тексеру жұмыстары жүргізілмекші екен. "Негізі осы немесе басқа жағдайларда болсын кімнің кінәлі екенін құқық қорғау органдары шешетін болады. Егер мұндай арыз-шағым құқық қорғау органдарына түсетін болса, әрине олар барлық тексеру амалдарын жүргізіп, кімнің кінәлі екенін анықтайды. Ал аталған қайғылы оқиғаға келер болсақ, баланы алғашында Талғар ауруханасына жеткізбек болған екен, бірақ анасы оған қарсы болып, баласын Алматыға апару туралы шешімге келіпті. Сол жақтан шамасы жедел-жәрдем шақырған болу керек. Әрине осы аралықта біраз уақыт жоғалтып алғаны айдан анық. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Бәрін тексергеннен кейін, медициналық көмек беру стандарттарын бұзу фактілері болса, әрине бұл мәселені құқық қорғау органдарына тапсырамыз. Біз жақтан, яғни дәрігерлер және жедел-жәрдем жақтан заң бұзушылықтар болса, мамандар міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Бірақ күту керек, әзірге бұл тексерілмеген жалпы ақпарат. », - деді министр Біртанов. Сондай-ақ, ол қауіпті инфекция салдарынан көз жұмған әр оқиғаны жіті бақылауға алып, тексеру жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеді. "Әр 12 жағдай бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, біз медициналық көмек көрсету барысында бекітілген стандарттардың нақты бұзылған-бұзылмағанын білуіміз керек",-деді Елжан Біртанов. Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, «тексерістердің нәтижесі әзірге белгісіз, себебі тиісті жұмыстар енді ғана қолға алынған» екен.