Шымкент әкімі тұрмысы төмен әйелдерге көмектеспекші
Ғабидолла Әбдірахымовтың қабылдауына балалы әйелдер жиі келіп, мұңын шағатын болып шықты
Әлеуметтік жағдайы төмен әрі тұрақты табысы жоқ әйелдер енді бизнеспен айналысуға мүмкіндік алмақ Шымкентте әлеуметтік жағдайы төмен аналар әкімдік тарапынан қолдауға ие болып, тіпті білімін де жетілдіре алады. Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов жауапты мамандарға тағдырдың сынына іліккен әйелдер үшін шағын бизнесті дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырып, бір ай уақыт мерзім берді. Аталған бағдарлама аясында тұрмысы төмен әйелдер өзінің икеміне қарай шаштараз, аспаз, тігін саласы бойынша оқу курстарынан тегін өтеді. Мұнан соң алған біліміне қарай шағын бизнесті дөңгелету жолы қарастырылмақ. Нәтижесінде үйде отырған әйелдер тұрақты жұмыспен қамтылады. "Көбіне қабылдауыма келген әйелдер күйеулерінің жұмыс істемейтінін, отбасын асырауға бей-жай қарайтынын немесе отбасын мүлдем тастап кеткенін ашына айтады. Олар жарқын өмірден үмітсіз емес. Бірақ күнделікті тапқан табысы балаларын қатарынан кем қылмай бағып-тәрбиелеуге мүмкіндік бермейді. Әйелдер қауымы отбасының бақытты ғұмыры үшін еселі еңбек етуге әзір. Сол себептен де біз оларға лайықты жәрдем көрсетуіміз қажет. Біздің міндетіміз – олардың өз ісін жүргізіп, аяғына нық тұрып кетуіне ықпал ету", – дейді Шымкент әкімі. Бүгінгі таңда қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша Шымкентте тұрақты жұмысы жоқ 10 мыңға жуық әйел тіркелген.