Басты жаңалықтар

Қазақстанда 12 адам менингиттен көз жұмды

Жыл басынан бері менингит жұқтырған 58 адам ауруханаға түскен. Қазақстан бойынша 12 адам осы дерттің салдарынан қайтыс болды.

Олардың бесеуі – кәмелетке толмаған балалар. Бұл туралы бүгін ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. "Жыл басынан бері 58 адам менингитпен тіркелді, оның арасында 18 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар. Жыл басынан бері 12 адам аталған аурудан көз жұмды, олардың ішінде бесеуі – 14 жасқа дейінгі балалар", — деді министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Біртанов әр жылдары менингитпен ауырған және қайтыс болғандар санына тоқталды. "2013-2014 жылдары 119 адам менингит жұқтырса, 2015 жылы – 424, 2016 —160, 2017 жылы – 62 адам ауырған. 2014 жылы 18 адам қайтыс болса, 2016 жылы – 7, 2017 – 11, биыл 12 адам ауырып көз жұмды", — деді ведомство басшысы. Айтуынша, ең бірінші науқас 30 сәуір күні тіркелген. "Өткен аптада менің бұйрығыммен республикалық штаб құрылды. Оған денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой жетекшілік етеді", —деді Біртанов.