ҚР энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев үй қамаққа алынды
Бақытжан Жақсалиевке мердігерлік ұйымның мүддесі үшін лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахиннің айтуынша, энергетика вице-министрінің Бурабайдағы көлді тазарту жұмыстары кезінде жемқорлық қылмысқа барғаны анықталған,-деп жазды Sputnik сайты. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы энергетика вице-министрі Жақсалиевтің Щучье-Бурабай курортты аймағының көлін тазарту бойынша жұмыстарды қабылдау кезінде заңға қайшы әрекеттерін әшкереледі", — деді Жахин агенттік қызметінің қорытындыларына арналған брифингте. Оның айтуынша, Жақсалиевке 2015 жылы "Аймақ және К" ЖШС мердігерлік ұйымының мүддесі үшін лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр. Вице-министр орындалған жұмыстың көлемі 30 есе артық бағаланғанын біле отырып, жалпы сомасы 863 миллион теңгені құрайтын су қоймасының түбінен 109 мың текше метр шөгінділерді алу туралы актілерге заңсыз қол қойып, ақшаны мердігердің есепшотына аударған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, орындалмаған жұмыс құны 746 миллион теңгені құраған. Жақсалиевтің заңсыз әрекеті салдарынан мемлекетке аталған сомада шығын келді. Күдікті үй қамаққа алынды. Айта кетсек, Бақытжан Жақсалиев әр жылдары KEGOC, "КОРЭМ", "Пауэр Инжиниринг", "ҚазТрансГаз" және "ИнтерГаз ЦА" компанияларында қызмет атқарды. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болды. Бұл осымен энергетика министрлігінің жемқорлық бойынша ұсталып отырған екінші вице-министрі. Осы жылдың 2 наурызында Ғани Сәдібеков жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған болатын. Агенттік өкілдері журналистердің "жауап алуға министрлік басшысы Қанат Бозымбаев шақырылды ма?" деген сауалына жауап беруден бас тартты.