Баланы мектепке неше жастан беріп, оған дейін қалай дайындау керектігін біле жүріңіз
Танымал журналист барлық ата-аналарға пайдасы тисін деген мақсатта көптеген елдердің баланы мектепке беру әдісін зерттеп, өзі қандай шешім қабылдағанын айтты
Танымал журналист Дина Төлепберген өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына "Баланы қанша жастан берген жөн?" деген сұраққа өз ойымен бөлісті. "Менің үлкен ұлымның жасы 5-те. Биыл оны балабақшасында «предшкола» деген топқа ауыстырды. Даудың бәрі осыдан басталды. Ата-аналардың көбісі «предшколаны» секіріп, бірден 0-ші сыныпқа балаларын жапа-тармағай ауыстырып жатыр. Ондағы мақсаты – келесі жылы бірінші сыныпқа өту. Яғни, мектепке 6-жасында барсын дейді. ⠀ Асығу ақтала ма? Осы тұста өзге елдердің бастауыш сыныпқа қабылдау шарттарын зерттеп көрдім: ⠀ Жапонияда оқу жылы Сакура гүлдегенде- СӘУІРДЕ басталады. Олар да 12 жыл оқиды. Бастауыш сыныпқа(сегакко) тек 7 жастан асқанда береді. ⠀ Американдық мектептерде де оқу бағдарламасы 12 жылдық. Мұхиттың арғы жағындағы бүлдіршіндер үшін бірінші сынып 5жасында-ақ басталып кетеді. Бірақ аты болмаса, балаға айтарлықтай ауырлық болмайтыны анық. Бірыңғай форма жоқ: джинсы, футболка. Жалпы, бірінші қыркүйек деген ұғым да жоқ. Мектепке бармаймын десең, «Home schooling» таңдайсың. Яғни үйде отырып оқиды. Бастауыш сыныпта балаға баға қойылмайды. «Жақсы прогресс жасауда», «орта прогресс жасауда» деп қорытады екен. ⠀ Германияда бекітілген жас жоқ. Берлинде 5жас 8 айдан асуы керек-ті, Гамбургте 6жас2айға толуы міндет. Немістің ата-аналары балаларының білім деңгейін емес, психологиялық дайындығына үлкен көңіл бөледі. Яғни, мектеп табалдырығын аттау үшін бала 1сағат бір орында отыра білуі керек. 20минут сөйлемей тыңдауы тиіс. ⠀ Израильде «предшколадан» өту - міндетті. Егер ондағы ұстаз баланың дайындығын лайық деп тапса ғана, 6 жаста мектеп партасына отыруына рұқсат. ⠀ Үндістанда балалар 4 жасында мектепке барады. Нөл санын ойлап тауып, «шах-мат» ойынын жаратқандар неге соншалық асығады десеңіз, онда балабақша деген түсінік мүлдем жоқ екен. Бастауыш білім –тегін. Бірақ ауқаттылардың ғана балалары баратын көрінеді. Қарабайыр халық баласын күн-көріс көмегіне жұмсайды. ⠀ Менің аналық сезімім асықпауға кеңес береді. Балам балғын балалық шақтың қызығын көрсін деймін. Жапондықтар секілді 7 жасқа толғаннан кейін барармыз. Ал қазіргі мақсат– ойнау, жүгіру, секіру, сырғанау, жүзу, қиялдау! Қазір мұны істемесек, ертең шынымен кеш болар",- деп жазды өзінің инстаграм парақшасында. Пікірін қалдырандардың дені баланы мектепке 7 жастан беру керек деген шешімге келді. Ал сіз қалай ойлайсыз? https://www.instagram.com/p/BmLFTfLnRAU/?utm_source=ig_web_copy_link