Психологтар "91" тобы жұқпалы әрі қауіпті дерт жұқтырушылар екенін ескертіп дабыл қақты
Қазіргі жастардың барлығы кәрістерге еліктеп жүр. Психологтар мұндай жаппай фанатизмнің қаупі жоғары деп дабыл қағуда.
Еліміздің жастары – жаппай кәріс жұлдыздарына ұқсағысы келеді. Ғасырлар бойы жалғасқан тұлғаны «үлгі тұту» түсінігі осылайша, арзанқол дүниелерге ойысып барады. Ал керісінше, ата-ана мен ұстазға не ірі тұлғаға еліктеу жағы қалыс қалып барады. Психолотар осылай деп дабыл қағады. Уыздай жасөспірімдердің мұндай еліктеулерінен қоғамға төнер қаупі де жоғары дейді. Мәселен, "Таптаурынды бұзып, шекарадан асып кеткен" 91 тобы - бұл еліктеудің алғашқы өкілдері. Бүгінгі жастардың идеал көретін тұлғаларының бірі. Оған еліктейтін жеткіншектер қатары жетерлік. Олар тіпті «ИГЛЗ» деп аталатын фанаттар армиясын құрып алған. Оның құрамындағы көп жастардың бірі – Толғанай. Айтуынша, 91 тобының әні мен әрекеттерінде ешқандай сөкеттік жоқ. Бұл – заман талабы деседі. «Кейбір адамдар қолдамай жатады. Шаштарын бояп, боянып деген сияқты. Бірақ ер балалардың шашын бояп, беттерін әрлегеннен қызға айналмайды деп ойлаймын. Ол – ерекшелікті білдіреді. Мысалы, қазақстандық жұлдыздар бәрі бірдей болса, ол бізді жалықтырып жіберетін еді. Сондықтан сондай стильдерін осылай өзгеруі ол біздің назарымызды аудартады»,- дейді Толғанай. Біріңғай қыз балалардан құралған 7 мунс тобы да кью-поп стилін дамытып жүргендердің бірі. Кәрістің әндерін қазақ тіліне аударып жүрген топ мүшелерінің жаңашылдыққа жаны құмар. Сөздеріне сенсек, көптің алдына бұлай шығуына бірінші кезекті ата-аналары қолдау білдірген екен. «Қарсы болған жоқ. Бірақ менің әжем 91-ді көрген кезде әжем осы балдар қазақ тілін көтереді деп айтқан болатын. Содан кейін мен одан сайын шабыттанып кеттім.Ол ең бірінші патриоттық сезімге әкеледі. Себебі қазақ тілін көтеруге себеп болады. Себебі қазақ тілі қазір төменгі деңгейде»,- дейді қыздар. Осылайша, мұндай жастар өздерін «дарамыз» десе, аға буын өкілдері мұнымен келіспейді. Әрі еліктеушіліктің – бос уақыттан туатындығын айтады. Егер жасөспірім жан-жақты даму үстінде болса, мұның бірі де болмас еді, - дейді. «Ата-анасы тастап кетеді. Жұмысқа кетіп қалады балаларының не істеп жатқанын білмейді ақырында. Шет мемлекетке елігіп, ақырында шаштарын бояу, қызтеке болу, шаштарына сырға салу, мұрнына сырға салу енді бәрін айтуға қандай адамдардың қатарына қосу керек екенін де білмеймін. Өткенде бір телевизордан айтылып жатыр. Әр адамның өз еркі ғой деп. Онда біздің жас балаларымыз жүрсін сөйтіп, шаш бояп, сырға салып, адами, еркектік қасиетін жоғалтатын болсақ, онда қай жаққа барамыз біз?!» Ал психологтар бұған «өтпелі кезең» ретінде қарайды. Бұл – жаңашылдық емес. Еліктеушілік қашан да болған, әрі бола береді. Қазір кәрістерге ұқсағысы келетін толқынның да көп ұзамай буы басылады, деседі. «Қазіргі маған келетін балалардың жас шамасы 15-19 жас. Көбіне олардың еліктейтіндері корей жас әншілері. Және де қазір байқасаңыз, сол жастағы қыздардың барлығы соларға қатты ұқсайды. Бір индивид қарайтын бір қызды таба алмайсыз. Жасөспірім қызды. Жалпы бұл жерде ананың рөлі мықты болу керек те, егер анасы тура сол, идеал тұлға ретінде еліктеушілігі жоқ, нағыз индивидуалды тұлға ретінде болса, ол бала да сондай болады. Ата-ана ол көбіне – айна, ал айнадағы образды қайталайтын ол – бала». Қалай десек те, бүгінде үлгі етіп, өнеге тұту тәрізді қасиетті ұғымның орнын «еліктеу» сөзі басып алған. Мамандар бұл ретте, біреуге ұқсағысы келгеннен гөрі өзінің қайталанбас дара жолын табуға кеңес береді. Әйтпесе, фанатизмнің құрбаны болып кетудің қаупі бар.