Масқара: Жұбаныш Жексенұлы қазақ шоу бизнесіндегі былықтың бәрін жайып салды
Әншінің сөзінше , елдегі телевизия саласы да, шоу бизнес саласы да ақсап тұр. Тіпті тыңдармандар мен көрермендердің деңгейі де тым төмендеп кеткен.
"Жоғары жақтан тапсырма бар ма, жоқ шын мәнінде арнадағылар арзандады ма, өңшең өресіз күлдіргі, саяз сатириктердің заманы туды. Танымы бар, ой қозғайтын бағдарламалар жоқтың қасы. Ойын-сауық, бос даңғаза...
Сын айтсаң тағы, өкпелеп, жауығады… Өздеріне сенімді, ылғи «кәсіпқой». Үлкеннен имену, кішіден ұялу дегенді мүлдем білмейтін бір толқын келді. Соларды қоғам тағы, ұлықтап, қолдан «тұлға» жасауды әдетке айналдырған. Бір сөзбен айтқанда, Масқара!
Кім не істеп жүргенін өздері білмейді (әсіресе осы шоу бизнес, әннің айналасында жүргендер). Осыдан кейін әнші болғаныңа ұялып, арлана бастайсың…", - деп күйінген әнші қоғамның деңгейі тек өсек айтумен ғана шектелгенін айтты.
"Деңгейсіздік өте қатты белең алды… Осыдан біраз уақыт алдында Бибігүл Төлегенова апамызға инстаграмда өте сорақы пікірлер жазылды.. Сол кезде менің жалпы тыңдарманның ойлау деңгейі, мәдени деңгейі өте төмен екеніне көзім анық жетті.
Төмен бе, жоқ әлде мүлдем жоқ па? Көрген көз бен естіген құлақтан ұят. Айта берсең, мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Қауіпті!", - деп әнші қазіргі өнер әлемін сипаттайды.
Сондай-ақ, Жексенұлы халықтың өзі той-томалақтан аса алмайтын әнші-сымақтарды көтермелеп, қолдан "жұлдыз" жасағанын айтады.
Айтатын әннің деңгейі той-томалақтың төңірегінде… Бірақ, образдары – ел мүддесін ойлап, шаршап жүрген тұлға! Өйткені ел, халықтың өзі сол әншісымақтарды қолдан «жұлдыз» етіп жіберді…
"Экранға елпілдеп, екі-үш рет шықса, мән-мағынасы жоқ «Бірлік болсын әлемде» дегенді аузы талғанша қайталағаннан басқа ешнәрсе айта алмаса да, аяғы талғанша секіре берсе, жетіп жатыр… Ертеңіне – «жұлдызсың».
Тіпті, сені одан кейін телеарналар мәнсіз, даңғаза шоу бағдарламаларына жүргізушілікке шақырады. Осындай, тек фонограммамен ғана елді алдап, ән айтатын, бірақ екі ауыз сөздің басын құрап, сөйлей алмайтын «әншілерді» жүргізушілікке шақырып жүрген «Еуразия-1» сияқты телеарналардың «талғамы» туралы не айтуға болады.
Арзан күлкілі сайқымазақтар мен дәлдүріш әншілердің қаптап кетуіне еш таңдаусыз, талдаусыз, талғаусыз, сүзгіден өткізбей-ақ, эфирге шығара беретін көркемдік кеңесі жоқ телеарналар мен радиолардың да үлесі зор.
Ең алдымен миллиондаған көрерменді аяу керек емес пе? Ұят тіпті…", - деп жазды Жұбаныш Жексенұлы.