Астанадағы Есіл өзені "қанды өзен" аталып кеткені рас па?
Биылғы жазда ерке Есілдің суында 15 адам ажал құшты. Содан елорадалықтар оны "қанды Есіл" деп те атап кетіпті
Астанада биылғы жаз маусымында 15 бірдей адам қаладағы Есіл өзеніне батып ажал құшқан. Өкініштісі сол, ажалы судан болған тұрғындардың 9-ы өрімдей жас жеткіншектер екен. Астаналықтар бір жазда "қанды өзен" атанған Есілде бұрын-соңды мұндай оқиғалар болып көрмепті.
"Өткенде жаңалықтардан естіп, таң қалдық. Бәрі сол жауапкершіліктің төмендігінен, ата-аналардың балаларға дұрыс қарамауынан болып отыр деп ойлаймын. Бір жағынан жазатайым оқиға болған соң, не айтасың?Өзім жергілікті ақмолалықпын, Қояндыда тұрамын. Есілді "қанды өзен" деп айтуға аузым бармайды, құдай бетін ары қылсын", - дейді жергілікті тұрғындардың бірі.
Сонымен бірге астаналықтар әсіресе жаз уақытында балаларға сақ болу қажеттігін алға тартты.
"Өткенде 4 бірдей жасөспірімнің денесін Есілден алып шықты дегенді естідім. Қайғылы жағдай, ата-аналарына Құдай сабыр берсін. Сосын кілем жуып отырған келіншек суға кетті деп жатты. Соның бәрі жауапкершіліктің төмендігінен, суға қалай болса солай қараудан болып тұр ғой.
Есіл "қанды" өзен емес. Оның ағысы баяу, иірімдері де сондай терең емес. Тек абайсызда орын алған ажал болып тұр. Әйтпесе, өзеннен қыс бойы балық аулап шығамыз, ондай өзен деп ойламаймын. Мысалы шығыстағы Ертіс сондай қанды өзен болуы мүмкін, себебі ол үлкен өзен, бізден бастап сонау Қытайға дейін созылып жатыр. Біздікі оның жанында шағын өзен, тек судың маңына барғанда "бисмилля" деп жүру керек шығар", -деп өз ойларын ортаға салды елордалықтар.
Бүгінде қаланың қақ ортасындағы өзен бойына төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен түрлі ескертулер де толып тұр. Алайда, мұның өзі "абайсызда келген ажалды" тұсау бола алмай отыр.