АҚШ-тағы қазақстандық: Шетелде кәсіпті бес-ақ минутта ашуға болады
Елімізде теңге құнсызданып, экономикамыз ақсаңдап тұрған уақытта отандасымыз АҚШ-қа бет бұрып, жағажай маңында мейрамхана ашып алған. Бүгінде АҚШ-тағы белгілі кәсіпкерлердің бірі атанып отыр
Қазақстандық азамат Алматы қаласының тумасы. Есімі Ерго екен. Бүгінде жасы 32 жетіп отыр. Айтуынша кезінде Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін тәмамдап, кейін түрлі шетелдік компанияларды аралап, сонда жұмыс істеуге тырысқан.
"Америкаға бармас бұрын мен көп елдерді араладым, олардың мәдениетімен таныстым. 2016 жылы Қазақстанда тағы да теңге құнсызданып, біздің экономика кәсіппен айналысуға мүмкіндік бермеген кезеңде мен өз өмірімді жаңадан бастағым келді. Осылайша, АҚШ-қа аттанып кеттім. Мен ешқашан бұл елдің табынушысы болған емеспін, алайда Америка мүмкіндіктер алаңы екенін білетінмін", - дейді жас кәсіпкер.
Қазір ол Флорида штатындағы Майами қаласына тұрады.
Ергоның сөзінше, алғашқыда бәрі оңай болмады. Өмір сүрудің өзі қиын, сол үшін күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр болыпты.
"Ол уақытта мен бұл елде ешкім емес едім. Отбасым мен ата-анамды сағынғаным да маған қатты қиындық тудырды. Менің күніге 18 сағат жұмыс істеп, еш демалыс алмаған күндерім болды. Сол кезде бір минут бос болсам да, жұмыс істеуді ойлайтынмын", - дейді Ерго.
Алайда жас кәсіпкер шетелде жаңа істі ашу оңай дейді. Ол үшін идеяң мен құятын қаржың болса болғаны.
"Америкада кәсіп ашу онлайн түрде бес минутта жүзеге асады. Алайда құжаттарды рәсімдегеннен кейін міндетті түрде алатын бірнеше лицензиялар бар.
Қазір мен жағажайда орналасқан кішігірім мейрамханам бар. Бұл жерде де түрлі тексерістер болады. Денсаулық және тамақтану департаменті, өрт сөндіру қызметі мен жергілікті қалалық басқарма міндетті түрде сынақтан өткізеді.
Бірақ ең жақсысы, сен бір тексерістен өткен соң, ешқандай заң бұзбасаң, үстіңе арыз түспесе ешкім сені мазаламайды"- дейді кәсіпкер.
Оған қоса бастысы, салықты уақытылы төлеу керек екенін айтады.
Сондай-ақ, азамат Америкада тұрмысы жақсы адамдар да өздерін қарапайым ұстауға тырысатынын жеткізді.
"Қазақстанға инвестор ретінде оралғым келеді. Осылай елімнің дамуына үлес қоссам деймін. Сол үшін мен қазір АҚШ-та, кейінірек барлық әлемде кәсіп ашсам деп жоспарлап жатырмын. Кейінірек отаныма оралып, елдердің арасында көпір салуды көздеп отырмын. Отандастарымыз Америкаға келіп, жұмыс істегендерін қалаймын", - дейді ол.