Димаш өмірімді түбегейлі өзгертті: фанаттардың жан тебірентерлік естеліктері
Әлемдегі миллиондаған адамның сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген Қазақстандағы туризм елшісі атанды, ол енді қаншама туристі елімізге тарта алады.
Жас әрі дарынды әншіге үміт артып отырған Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Димаш Қазақстанның айрықша мәдениеті мен әсем табиғатын бүкіл әлемге паш еткеніне сенеді,-деп жазды Sputnik. Жас әнші үкілеген үмітті ақтай ма? Туристер әртістің арқасында Қазақ елін тани ала ма? Қалай болғанда да, қазір оның сансыз көп тыңдарманы Қазақстанның көк туына ерекше тебіреніспен қарап, Димаштың концертіне қазақтың ұлттық киімдерін сатып алып жатыр. Димаштың отанына сапар Жаңа Зеландия, Жапония, Америка Құрама Штаттары, Франция, Малайзия және тағы басқа елдерден Димаштың фанаттары Қазақстанға ұшып келді. Жас әншінің отызға тарта фанклубында тыңдармандар саны бес миллионнға жетеді. "Біз "Димаштың отаны" атты промо-тур бастауды жөн көрдік, мұнда туристер Қазақстанның үш қаласы – Астана, Ақтөбе, Алматыны аралайды", — деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясы төрағасы Рашид Күзембаев Димаштың фанаттарымен кездесуде. Оның айтуынша, бұл идея жайдан-жай пайда болмаған көрінеді, өйткені Димаш қайда өнер көрсетсе де, тыңдармандарын Қазақстанға шақырып жүреді. "Күн сайын танымалдығы артып келеді, сондықтан бұл турдың болашағы зор деп білеміз", — деді ол. Күзембаевтың пайымдауынша, алдағы уақытта Димаштың өнеріне тәнті тыңдармандардың 10%-ы Қазақстанға келсе, елімізді әлемге таныстыруда елеулі жетістік болмақ. Dears, thank you! Осы үш сөзді Димаш концерттерінде жиі айтады. Шетелдік фанаттары өздерін осылай "Dears" (Жандарым) деп атағанды жөн көріпті. Бір байқағанымыз, жас әнші фанаттарымен кездескенде өте байыпты, ұстамды, көп сөйлей қоймайды, бірақ естелік селфиге түсіп, автограф беруден ешқашан бас тартқан емес. Ақтөбеде Димаштың фанаттарымен кездесуіне БАҚ өкілдері бастан-аяқ қатыса алған жоқ. Кездесудің басым бөлігі жабық өтті. Шетелдік қонақтармен кездесуге музыканттың бүкіл отбасы келді – атасы, апасы, әкесі, анасы, қарындасы мен інісі. Залға Димаштың өзі кіріп келгенде, бәрі бір сәтке тым-тырыс болып, сүйікті әншісін көрген өнер сүйер қауымның үні шықпай қалғандай болды. Сол мезетте фанаттар ду қол шапалақ соғып, қошемет көрсете бастады. Тыңдармандарға жас әртістің өміріне қатысты жайттардың бәрі қызық: алдағы шығармашылық жоспары, концерттік бағдарламасы, сапарлары және тіпті қазіргі көңіл күйі. Жұрттың назарынан аздап шаршағандай көрінген Димаш фан-клуб жетекшілерінің сұрақтарына асықпай жауап беріп отырды. Кездесу жаппай селфи түсумен аяқталып, суреттер сол сәтте жаһандық Желіде шартарапқа тарап жатты.