Басты жаңалықтар
Алматыда әкесінің мәйітін шығармақ болған азаматтың өзі лифт шахтасына құлап кетті
- автор kyn.kz
- 13 тамыз, 2018
- 299
Кабинада сол сәтте төрт ағайынды мен марқұм әкелерінің мәйіті болған.
Алматыда 34 жастағы азамат 5 ші қабаттағы лифттен шахтаға құлап түскен. Төртінші мен бесінші қабаттың ортасында істен шыққан лифттен олар өз еріктерімен шығуға талпынған.
Бұл туралы КТК арнасы жазды.
Бірақ, ең соңғы қалған Ринат Тоғжановтың аяғы тайып кетіп төмен құлдилаған. Жансақтау бөлімінен шыққан ол болған жайды өз аузымен баяндады. Ал тұрғын үйдегі жеделсатыға жауапты «Алматы лифт» мекемесінің басшылығы әзірге ешқандай мәлімдеме жасамады.
Еденде жайылған, әлі шайылмаған қою қан сол күннің қорқынышты жайтын еске салып тұр. Бір жанның өмірін жалмай жаздаған лифттің есігі ағашпен оқшауланған.
Әкесін жерлеуге Қарағандыдан келген Ринат Тоғжановтың өзі де асқар тауының артынан о дүниеге аттана жаздап, аман қалды.
"Туысымыз бірінші түсіп кетті. Сосын әкемнің мәйітін қабылдап алды. Сосын ағам түсті. Мен түсіп бара жатқан кезде аяғым тайып кетті. Ар жақта лифт жоқ. Содан түсіп кеттім. Ары қарай не болғанын білмеймін."- дейді науқастың туысы Ринат Тоғжанов.
Қабырғалары сынып, беті тілініп , көк бауыры жыртылған жігіттің көрер жарығы бар екен. Өлім мен өмірдің жолайрығында тұрған азаматты ақ халаттылар ажал тырнағынан арашалап қала алды. Бірақ, толық қалпына келу үшін әлі операция жасалады.
"Науқас жан сақтау бөлімінен үш күннен кейін ауыстырылды. Қалыпты жағдайда, орташа ауырлықта. Енді сынған сүйектерінің отасына дайындалып жатыр. Жеті-он күндей жатады. Жағдайы бірқалыпты, жақсы болғанда шығарамыз."- дейді травматолог Арман Байболов.
Ақбұлақ ықшамауданындағы көп қабатты бұл үйдің лифтісіндегі ақау айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Тұрғындар жауапты мекеменің жауапсыздығынан осындай жағдай жиілемей ме деп өкпелері қара қазандай.
"Жаман жағдайлар болып жатыр осы лифтке байланысты. Өкінішке орай, лифт үнемі істемейді. Біз лифт жөндейтін адамдарға үнемі звандаймыз. Бірақ осындай жағдайға жеткеніміздің өзі біздің енді қаншалықты нашар халде өмір сүріп жатқанымыздың белгісі деп ойлаймын."- дейді Алматы қаласының тұрғыны Римма Ескендір.
Апат болған күннен бері лифттің есігі тарс жабық. Істемейді. Осыған дейін де бірнеше рет істен шығып тұрғындарды мезі еткен. Тоғыз қабатты үйдің тұрғындары амалдың жоқтығынан жаяу көтеріліп-шығуға мәжбүр.
Жүк тасығандардан жүкті әйелдерге дейін жедел сатының қорлығы өткен. Жоғарыға көтерілем дегенше демігіп, ақ тер, көк терге түседі. Ал «Алматылифт» мекемесі дым болмағандай үнсіз жатыр. Жұмыс орындарында жауапты жан баласы жоқ.
«Кешікпей келер» деген басшылықты күткенмен, ешкім бой көрсетпеді. Ринат Тоғжановтың жақындары өмірге қауіп төндіріп, зақым келтірген жедел сатыға жауапты «Алматылифт» мекемесін сотқа бермек. Ал ақауы бар лифтіден ажал құшқан ақтөбелік тележүргізуші мен Атыраудағы екі бірдей жасөспірімнің қазасы әлі ешкімге сабақ болмағандай.