Абайсызда қабылдадым: Допингпен ұсталған қазақ қызы бар шындығын ашық айтты
Көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шымкенттік Сабина Әшірбаева қанында допинг табылғаны үшін спорттан шеттетілген еді. Спортшы қыз қан құрамында табылған тыйым заттар туралы ашық айтып берді
19 жастағы гимнастан фуросемид, гидрохлортиазид және хлортиазид WADA тыйым салған заттар табылды. Сабинаның айтуынша, ол фуросемид қосылған дәрі-дәрмекті абайсызда қабылдаған
"Көркем гимнастика өте әдемі әрі қиын спорт түрлерінің бірі. Сол себепті, жақсы өнер көрсету үшін аянбай жаттығуға тура келеді. Сондай жаттығулардың бірінен соң мен қатты ісіне бастадым. Тіпті, қолымнан ұстау мүмкін болмай қалды. Ол кезде қасымда федерацияның дәрігерлері болған жоқ, сол себепті, өзге дәрігерге қаралып, ісікті қайтаратын дәрі қабылдадым. Кейін ем қабылдай бастағанда да ғана мен дәрінің құрамында тыйым салынған заттар барын байқадым. Дереу бас бапкер Әлия Юсупова мен федерация президентіне хабарласып, қалай болғанын баяндап бердім. 2017 жылдың желтоқсанында-ақ мені спортшы және бапкер ретінде федерациядағы тізімнен алып тастады", - дейді Сабина.
Сабинаны халықаралық федерация 2 жылға спорттан шеттетті. Спортшының айтуынша, осы уақытта бас бапкер де, федерация да өзінен теріс айналған.
"Федерация басшылығы және Әлия Юсуповамен байланысымыз үзілді. Еш хабарсыз кеткен олардың өздері. Сондықтан, өзіңнен теріс айналған адамдармен сөйлесудің еш мәні жоқ. Әрине, оларды кінәлай алмаймын. Олардың не ойлайтынын білмеймін, сол себепті ештеңе айтқым келмейді. Не болса да, бәрі үшін рахмет", - дейді спортшы.
Сондай-ақ, Сабина мұнымен шектеліп қалмайтынын да айтты. Бүгінде ол өзінің бапкері Светлана Панченкодан, ата-анасы мен өз тәрбиелеп жүрген гимнастардың ата-анасынан қолдау көріп жүр. Ол мұнымен тоқтап қалмай, өз өміріндегі екінші Олимпиадасына қатысқысы келеді.