Басты жаңалықтар

Бір аптада үш көлік ұрлаған 14 жастағы баланың ата-анасы қомақты шығын төлейді

Оралда бір аптада үш көлік ұрлаған баласының қылығы үшін ата-анасы жауап береді. Олар темір тұлпар иелерінің шығынын өтеуге мәжбүр. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,4 миллион теңгені құрап отыр

Оқиға желісімен: Алғаш рет бала Suzuki көлігін айдап әкетіп, жеңіл-желпі жол апатына түскен еді. Бұл авто иесіне жалпы 100 мың теңге шығын келтіріліп отыр. . Екінші жолы, яғни үш күн өткен соң жеткіншек Toyota микроавтобусын ұрлап кетті. Сол кезде көпірдің бетон тіреуіне соғылып, ұсталған еді. Бұл жерде ата-анасы 300 мың теңге төлейтін болады. Үшінші рет балақай Hyundai көлігін айдап әкетіп, бетон блоктарға соғылып қалды. Бұл темір тұлпардың иесіне бір миллион теңге төленуі тиіс. "Бала кілтін көліктің ішіне тастап кеткен жүргізушілердің салғырттығын пайдаланған. Коля жап-жақсы бала, мектепте оқиды, толыққанды отбасыдан шыққан. Әкесі – 30 жылдық тәжірибесі бар шопыр. Тұрмыстық жағдайлары да жаман емес. Компьютері, планшеті, оқу үстелі бар", — деп мәлімет берді Орал қаласы ІІД ЖПҚ басшысы Мүслім Жәрдемов. Ал әкесінің айтуынша, балақай көліктерге қатысы бар клмпьютерлік ойындарды жақсы көреді екен.

"Планшетте үнемі автобус, жүк көліктері бар ойындарды ойнап отырады. Автокөліктердің бүкіл маркасын біледі. Кез келген жерге тұраққа қоя алады. Автобус жүргізуші болған кезімде, қасымда бәрін бақылап отыратын. Бәлкім, көліктерге деген ықыласы қанмен берілген шығар. Бұрын мұндайы жоқ еді. Екі аптада адам танығысыз өзгеріп кетті", — дейді ер адам.

Жеткіншекке көлік ұрлау деректері бойынша ҚР ҚК 140-бабы "Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға дұрыс тәрбие бермеу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істі кәмелеттік жасқа толмағандардың істері бойынша комиссия мектеп директоры және психологтармен бірге қарайды.