Халық әртісі Роза Рымбаева өміріндегі ең үлкен өкініші туралы айтты
Еліміздің жезтаңдай әншісі Роза Рымбаева екі баласының әкесіз өскеніне қынжылатынын жасырмады
Әнші өзінің өнерде жүрген 42 жыл ішіндегі ең үлкен өкініші жарынан ерте айырылғаны екенін айтты.
"Ең үлкен өкінішім – Тасқынның өмірден ерте кеткені. Ұлдары көбірек іздейді. Ұлдарының жігіт болғанын көрмегені – жанымды ауыртады. Қанша қиындық көрдім, қажымай-талмай еңбек еттім. Сол қиындықтың бәрінен өту керек болды.
Алла да сүйген құлына сынақ береді екен. Бұл да маған берілген сынақ шығар. Ал концерттік сахна – ең киелі дүние. Той-томалаққа құрметтеп шақырса ғана барамын. Тоймен күн көріп жүрген әнші емеспін.
Менің өнерімді жоғары бағалаған той иесі сол өнерім үшін ғана шақырады. Қиындық көрдім деп жасымаймын. Асып-кеттім деп те тасымаймын. Екі ұл тұрғанда әлі талай еңбек етуім керек. Солар үшін тырысамын, талпынамын. Болдым-толдым деген әртіс сонымен тоқтады деген сөз", - деді әнші.
https://www.instagram.com/p/BjJyU_YF1pU/?utm_source=ig_web_copy_link