Басты жаңалықтар

Қазақ жігіті үш тәулік ұйықтамай жаңа рекорд орнатты

Алматы облысының тұрғыны Нұрлан Жартыбеков 72 сағат көз ілмей жаңа рекорд орнатты

Алматы облысы Райымбек ауданының тұрғыны Нұрлан Жартыбеков 5 жасынан бастап тоқу ісіне  қызығады екен. Бала жасынан бері өзіндік бір үлес қосып, рекорд орнатқысы келген. Көп ұзамай  жігіттің арманы орындалды. Ол 72 сағат ішінде үзіліссіз ені 30 см, ұзындығы 43 метр болатын мойынорағыш тоқып шықты. Қазақстан рекордтар кітабына рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков Нұрланға 72 сағат ішінде тоқыма тоқып, Қазақстан рекордтар кітабына кіргені туралы сертификатты тапсырды. "Ата-анамның айтуынша, бес жасымнан тоқуды үйреніппін. Көпшілік мұны ерлердің ісі емес деп ойлауы мүмкін, алайда ең бастысы бұл өзіме ұнайды. Мен көзді байлап тоқудан Қазақстан рекордын орнаттым, енді үзіліссіз үш тәулік тоқыма тоқып, Қазақстан рекордын жаңартып отырмын", — дейді Жартыбеков. Ол Бразилияда орнатылған әлемдік рекорд туралы айтып берді – онда ер адам 64 сағат бойы ілгекпен тоқыған. Ал Нұрлан Жартыбеков 72 сағат тоқығандықтан, ол әлемдік рекордты да жаңартқан болуы мүмкін.