Павлодар облысында жол апатынан 2 адам көз жұмды
Павлодар облысында болған жол апатынан 5 адам жарақат алып, 2 жүргізуші оқиға орнында жантәсілім етті
Жол апаты Павлодар-Астана тас жолында орын алды. Hyundai мен Lexus автокөліктері үлкен жылдамдықпен жүйткіп, бетпе-бет соқтығысқан. Темір тұлпарлардың ішінде болған 5 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде, екеуі бала болып шықты. Бірі 2 жасар болса, екіншісі биыл ғана дүниеге келген сәби екені анықталды. Ал соққының қатты болғаны сонша, құтқару жастықшаларының көмегі тимеген. Сондықтан күл-талқаны шыққан қос көліктің жүргізушілері жедел жәрдем жеткенше сол жерде жан тапсырған. Қазіргі таңда осы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.