Құрбан айтта президент сөйлеп жатқанда зымыранмен бірнеше соққы жасалды
Әзірге қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ, оқиғаның мән-жайы хабарланбады
Ауғанстанның мемлекет басшысы Ашраф Гани Құрбан айт мейрамына орай сөз сөйлеп жатқан кезде президент сарайына зымыранмен бірнеше соққы жасалды. БАҚ-тың мәліметінше, оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 9:00-де (Астана уақытымен сағат 10:30) болды. Снарядтар президент сарайы мен бірнеше елдің елшілігі орналасқан Кабулдың үкімет орамына қарай ұшырылған. Жергілікті БАҚ хабарлағандай, Ауғанстанның қауіпсіздік күштері шабуыл жасады деген күдікке ілінген екі көтерілісшінің көзін жойды, ұрыс жалғасып жатыр. Оқиғаның мән-жайы әзірге белгісіз. Естеріңізге сала кетейік, 21-23 тамыз күндері бүкіл әлемнің мұсылмандары басты мерекелердің бірі – Құрбан айтты тойлайды.