Түсініктеме берді: Атырау облысы ІІД басшысы казинодағы видеосына қатысты мәлімдеме жасады
ІІД ресми өкілі Алмас Сәдубаев желіге тарап кеткен Минскідегі казинолардың бірінде болған жайттың видеосына қатысты түсініктеме берді. Видеоға Атырау облысы ІІД басшысы Аян Дүйсембаев та түсіп қалған
Сәдубаев бұл жайт төрт жыл бұрын болғанын айтуда. Ол кезде Дүйсембаев аймақтың ІІД басшысының бірінші орынбасары қызметінде болған. Дүйсембаев досымен және отбасымен демалыс кезінде Минскіге барыпты.
ІІД өкілінің сөзіне сенсек, казиноға Дүйсембаевты танысы шақырған. Алайда оның жары күйеуінің казинода ойнауына қарсы болып, Дүйсембаевтан көмек сұраған көрінеді.
Осылайша Аян казиноға тек досын құмар ойындардан алып кету мақсатында келген екен.
"Дүйсембаев құмар ойынға араласпады. Бұл 2014 жылдың қазанында жүргізілген тексеріс барысында расталды", - дейді Сәдубаев.
Еске салсақ, Қазнетте тараған видеода ІІД басшысы казинода қомақты қаражат ұтылып қалды делінген болатын.