Басты жаңалықтар

"Мал сасып кетіпсің": Есікте сәтсіз қалжың екі адамның өліміне себепші болды

7 мамыр күні болған төбелестің соңы қантөгіспен аяқталды: атпалдай екі азаматтың жары жесір, балалары жетім қалды

Отан қорғаушы күніндегі отырыс атпалдай екі азаматтың жарын жесір, балаларын жетім қалдырды. Қаскелеңдегі сот залы марқұмдардың жақындарына лық толды. Мылтықпен лаң салып, бір адамды атып, екеуін жаралады деген Іле Алатау мемлекеттік ұлттық саябағының қорықшысы Олжас Мейірханов басты айыпталушы. Қасындағы Әмір Әбубәкіров полиция мойорының арқасына пышақ сұққан екінші айыпталушы. Прокурор таққан айыппен екеуінің де толық келіскісі жоқ. "Қорқыту мақсатында ғана ұрдым. Қандай да бір ауыр жарақат, не өлтіру үшін ұрған жоқпын. Ондай ой болған жоқ". Оқиға жетінші мамыр Есік қаласындағы мейрамханалардың бірінде болған. Ішімдік құйылып, ду-ду әңгімемен отырған алты жігіттің арасындағы кикілжің "мал сасып кетсіпсің" деген сәтсіз қалжыңнан басталған екен. Айыпты Олжас атқан оқтан жараланған жәбірленуші Қаһарман Жұман сол күннің куәгері. Айтуынша, кешірек көлікпен жеткен Мейірханов пен Әбубәкіров мылтық пен пышақтарын ала жүгіріп мейрамхана маңын жанжал алаңына айналдырыпты-мыс. "Менің есімде Олжастың келіп-кеткені қалыпты. Одан кейін атыс болды. Сол жаққа жүгіргенімде алдымнан мылтық ұстаған Олжас шықты, маған қарсы оқ атылғанын көрдім. Құлап түстім, одан әрі қарай есімде жоқ", — дейді жәбірленуші Қаһарман Жұман. Атышулы қылмыстың әлі  түсініксіз тұстары көп. Төбелеске жалпы 9 адамның қатысы бар. Екеуі айыпты ретінде қамауға алынды. Біреуі бүгін жәбірленуші ретінде жауап берді. Қалған төрт адам сот залынан көрінбеді. Зар жылаған марқұмның жақындары айыптылардың енді артынан қалған балаларын кәмелетке толғанша жағдайларын жасауды талап етеді. "Үш немеремді жеткізіп берсін, талабым сол. Он сегіз жасқа дейін төлейтіннің бәрін төлесін. Әкесінің беретінін осылар төлесін", — дейді жәбірленуші. Мейірханов пен Әбубәкіровке қылмыстық кодекстің 106 және 99-баптары бойынша айып тағылып отыр. Жәбірленушілер мен куәгерлер тыңдалды. Екі тарап та әзірге өз дегендерінен қайтпай отыр.