Дәрігерлердің кінәсі дәлелденді: Елордалық ауруханада көз жұмған сәбилердің ата-аналары әділдікке жетті
Әр отбасының оқиғалары түрлі болғанымен, бірақ себебі бір – бәріне дұрыс диагноз қойылмаған. Сол себептен емдеу нәтижесі осындай қайғысы жағдайға әкеп соққан
Дәрігерлер дұрыс диагноз қоймай балаларды аман алып қалуға болатын құнды уақыттарын осылай жоғалтқан. Бұны Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі мойындады. Осыдан кейін баланың өміріне немқұрайлы қараған медициналық мекеменің 14 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Ғазиза Сарсалиева осыдан 8 ай бұрын баласынан айырылды. Сәбиінен айырылған ана көктемде жұмысқа қайта оралғанымен, бірақ төрт айлық ұлын әлі ұмыта алмай жүр. Оның ұлы Марсель өткен жылдың желтоқсан айында ротавирустан емделу үшін төрт күн инфекциялық ауруханада жатып, қайтыс болды. Баланың аяқ асты өлімі ата-анасының төбесіне жай түскендей болды. Бірақ, олар дәрігерлер баланы дұрыс қарамады деп, медициналық сараптама жасатты. Тексеру қорытындысы баланың өкпе қабынуынан қайтыс болғанын көрсетті. Дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймауынан ұлдарынан айырылған ата-ана Марсельдің неден көз жұмғанын білгеннен кейін денсаулық сақтау министрлігі мен прокуратураға жүгінді. Сәуір айында дәрігерлердің барлық кемшіліктері көрсетілген, кішкентай Марсельді аман алып қалуға болатындығы туралы сараптаманың есебі дайын болды. «Дәрігерлер кеңес өткізбеген. Бала кішкентай болғандықтан, олар дәрігерлер кеңесін өткізулері тиіс. Дәрігерлер баланы тексеріп, рентгенге түсуге жіберулері керек болатын. Себебі кішкентай балаларда мұндай өкпенің қабынуы сияқты аурулар ешқандай белгісіз өтеді. Ал, олар бұның бәріне немқұрайлықпен қарап, тексеру жүргізбеген»,-дейді қайтыс болған баланың анасы. Сәуір айында дәл сол балалар жұқпалы аурулар ауруханасында бір жасар Әділет Сағынаев та қайтыс болды. Тексеру нәтижелері баланың ішегінің бітеліп қалғанын көрсетті. Ал, оны қарапайым жолмен оңай емдеуге болар еді. Бірақ, дәрігерлер бала ішек инфекциясына шалдықты деп, оны бір тәулік бойы емдеген. Бірақ, бала ауруына қажетті ем алмай ауруханада көз жұмды. Енді екі баланың өлімі тексеріліп, олардың неден қайтыс болғаны анықталды. Осыдан кейін дәрігерлердің кінәсі дәделденіп, 14 медициналық қызметкер жазаланды. «Біреулеріне қатаң ескерту жасалса, тағы басқалары жұмысынан қуылды. Осылайша, сараптама нәтижелері құқық қорғау органдарына құқықтық бағалау үшін жіберілді. Сол кезде балалардың денсаулығына жауапты болған медбикелер қатаң ескерту алды, ал жұқпалы ауру бөлімінің басшысы жұмысынан шығарылды»,-дейді Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Сәуле Мұқышева.