Некесіз жүкті болып қалған қыздардың баласына таласатын әйелдер жұртты дүрліктірді
Бүгінде желіде отырып бала іздейтін аналар көбейді. Арнайы қыздарға арналған парақшаларда "баланы маған бер" деген жазбалардан көз сүрінеді
Қазіргі таңда желіде отырып кез келген қажетіңізді таба аласыз, тіпті баланы да. Соңғы уақытта түрлі парақшаларда бала сүюді арман еткен әйелдердің жазбасы таңдай қақтырады.
Әсіресе, Instagram желісінде арнайы қыз-келіншектерге арналған парақшаларда бала іздеу жарнамасы өршіп тұр.
Мәселен, желідегі "Әйел бақыты" парақшасында 19 жастағы бойжеткеннің оқиғасы көпшіліктің жүрегін ауыртты. Ол болашақ күйеу жігітінен алданып, аяғы ауыр болып қалған. Ал өзін жар етіп аламын деп сендірген жігіті, өзге қыздың жары болып кете барған. Нәтижесінде бойжеткен некесіз жүкті болып қалған.
Желідегі жас қыздың жазбасынан кейін одан баласын өзіне беруді сұраған әйелдер көбейіп кетті. Олардың көпшілігі құрсақ көтеруді арман еткен әйелдер немесе "өзі үшін" бала тауып алғысы келетін кәрі қыздар болып шықты.
Бойжеткеннің жазбасының астына "Балаңды маған берші", - деген ұсыныстар толассыз жазылды. Тіпті кері хабарласуын өтініп, телефон нөмірін қалдырғандар да аз емес. Байқағанымыздай, перзент сүюді қалайтындар заңсыз жолмен де әрекет етуге дайын.