Сене алмай, біраз жылады: Жомарт жанның қолынан пәтер алған ақтаулық ана көз жасын тоқтата алмады (фото)
Ақтаулық кәсіпкер жалғызбасты ана Гүлшат Әбиеваға пәтер сыйлады. Төрт баланы жалғыз бағып отырған ана үшін бұл күтпеген тосынсый болды
Гүлшат Әбиева жалғызбасты көпбалалы ана. Төрт баласының екеуі ауыр дертке душар болған екен.
Бұрын олар отбасымен Түркіменстанда тұрған. Ал Ақтауға көшіп келгеннен кейін, күйеуі төрт балаға қамқор болудан бас тартып, қашып кетіпті.
Үш қызы мен бір ұлын аяқтан тұрғызу үшін күн-түн демей жұмыс істеп жүрген ана пәтер таппай әбден сабылады. Бұл туралы естіген меценат көпбалалы анаға Жетібай ауылынан екі бөлмелі пәтерді сыйға тартты.
"Біз онымен жаңа пәтерге келгенде, ол көз жасын тоқтата алмады. Балаларында үйі болатынына сене алмай, біраз жылады", - дейді Маңғыстау облысы жергілікті коммуникация қызметінің басшысы Айсұлу Дүтбаева.
Жомарт азамат мұнымен тоқтамай, тағы бір төрт баласы бар анаға Ақтаудан пәтер сыйламақ.