Данияр Елеусінов өзін маймылға теңеген ирландиялық боксшыға жауап қатты
Кәсіпқой боксшы Рэй Моллет әлеуметтік желіде қазақстандық боксшыға қатысты теріс ойын білдірген еді. Ол Даниярды маймылға теңеп, балағаттап тастаған. Оған Олимпиада чемпионы да үндемей отыра алмады
Ирландиялық боксшы Рэй Мойлетт (11-0, 4 КО) Данияр Елеусіновті (3-0, 1 KO) маймылға теңеп, оны Борат деп мазақтаған еді.
"Бұл [эмодзи маймылы] маған қарсы шығуға әлі дайын емес. # Борат", — деп жазды Мойлетт.
Данияр да үндемей отырмады. Өзін маймылға теңеп, тіл тигізген ирландиялық қарсыласы Рэй Мойлетке көп кідірмей жауап қатты.
"Шынымды айтсам, жете бағаланбаған және ешкімге қызық емес мұндай адамдарға назар аударғым келмейді. Аты шықпаған, талант та, стиль де жоқ. Ол Мексикада менен ұтылған болатын, оған жеңісті сыйға тартты. Бүкіл зал шулады, жеңісті берген кезде көрермендер "баклажка" лақтырғаны есімде қалыпты. Марапаттау рәсімін ең соңында, барлық жанкүйер кеткен кезде өткізді. Тек ирландиялықтар мен біздің жанкүйерлер қалған еді. Төрешілер қатаң сынға ілікті… Ол өзге салмақ дәрежесінде. Менің салмағыма көтерілсе, жекпе-жекке дайынмын. Алайда ол жай ғана менің танымалдылығымның арқасында өзіне пиар жасап жатыр деп ойлаймын. Оны Instagram-нан көрдіңіз бе? Еш жерде жоқ, өзі маған жазылған. Мен оның парақшасына кірмеймін, оқымаймын. Бар-жоғы 3-4 мың жазылушысы болуы мүмкін. Сондықтан менің есебімнен танымал болғысы келеді. Ол рингке шығатын болса, ұтылады, оны өте жақсы біледі", — деп түсіндірді Олимпиада чемпионы. Естеріңізге сала кетейік, Данияр Елеусінов пен Рэй Мойлетт 2008 жылы Мексикада жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында жұдырықтастасқан болатын. Ол кезде Ирландия боксшысы жеңіске жетіп, жас қазақстандықты ұтып кетті.